Өнеркәсіп жетекші салаға айналуы тиіс
Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастап келген көшті Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары басқармалар үйі алдынан салтанатты түрде күтіп алды. Кездесуде аймақ басшысы Түркістанды түлетуге келген мемқызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. «Мінеки, Түркістан қаласына басқармалар мен департаменттер көшіп келіп отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыруымыз керек. Оған баршамыз үлес қосып, атсалысайық. Түркістанның жаңару күндері басталды. Баршаңызға қоныс құтты болсын, осында көшіп келген басқармалар мен департаменттердің қызметкерлеріне сәттілік тілеймін. Түркістанды бірге гүлдендірейік!» деді облыс әкімі. Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлауда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады деген сөз. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді. Мұнан бөлек, Түркістан қаласында кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға да баса мән берілмек. Әсіресе, өнеркәсіп жетекші салаға айналуы тиіс. Сондай-ақ, Түркістанның айналасында жылыжай мен интенсивті бауларды көптеп өсірілмек.Индустриалды-инновациялық дамуға да басымдық берілмек. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағынан туристерге көрсетуге болатын экотуризм нысанына айналады.Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемі ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түрітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтеді. Сондай-ақ, бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі