«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Шымкенттегі өкілдігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді

Шымкент қаласындағы белсенділер еліміздің бірнеше облысында жарияланған төтенше жағдайға бей-жай қарай алмай, су басқан өңірлерге қажетті заттарды жинап, гуманитарлық жүкті қаладағы арнайы құрылған штабқа жеткізді.

Бұған дейін Қор белсенділері су тасқынынан зардап шеккен аймақтармен байланыс орнатып, ең қажетті азық-түлік пен керек- жарақтар тізімін әзірледі.

Соған сәйкес гуманитарлық көмек ретінде 200 келіден астам ұн, 400 келіден астам макарон, 50 дана резеңке етік, 50 дана қол шамдары, маңдайға ілетін 50 шам, 1 мың қапшық және 50 күрек жиналды. Бұл жүктерді әзірлеуге «Әділдік және Өркендеу» Қорының белсенділерімен бірге шымкенттік кәсіпкерлер және Қазақстан халқы Ассамблеясы атсалысты.

«Елімізде болып жатқан су тасқынына байланысты жергілікті қоғамдық ұйымдар өздерінің үлесін қосып жатыр. Сол себепті «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры да бұл шарадан тыс қалмай, «Ерасыл» ЖШС-мен бірлесе отырып, үлкен судан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинады. Барынша қолымыздан келгенше, қол ұшын созып жатырмыз»,-деді Қордың Шымкент қаласындағы өкілі Эльенора Ағабекқызы.

Гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк көлігі СҚО-дағы Петропавл қаласына жол жүріп кетті. Енді Қор белсенділері су басқан басқа өңірлерге де жәрдем беруді көздеп отыр.

#қазақстан #шымкент #гуманитарлықкөмек #сқо #сутасқыны #әділдікжәнеөркендеу

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444