Абайлаңыз, массаж саптамасын алдап сатуда!
Шымкент қаласында массаж саптамасын алдап-арбап сатып жатқан фактілер көбеюде. Нақтырақ айтсақ, қытайдың тауарын жапонның дүниесі деп жарнамалаған. Манипуляцияға түскен қала тұрғындары қалтасынан қағылып, қытайдың арзан өнімін қымбат бағада сатып алып жатыр. Аталған жағдайлар бойынша Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тиісті жұмыстарды атқарып, тұтынушыларға қаражаттары қайтарылды, осылайша тұтынушылардың бұзылған құқықтары Департамент тарапынан қалпына келтірілді.
«…Массаж саптамасын жарнама жасағаннан соң, сыйлықтар ойнатылып, ұтқаны туралы хабарланады. Көрпе, жастық, қол массажері, сағат және өзге де бұйымдар. Көбісінің қолында нақты ақша болмағандықтан, екінші деңгейлі банктер арқылы 12 айға бөліп төлеу рәсімделеді. Компания өкілдері массаж саптамасын жапондық өндіріс деп жарнамалайды, бірақ үйлеріне барып қарағанда қытай тауары болып шығады. Тұтынушылар келісім-шартқа қалай қол қойғандықтарын байқамай қалады…» делінген өтініш мәтінінде.
ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау Заңының 28-29 баптарының талаптарында көрсетілгендей, сатушы тиісті сападағы тауарды тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тауарды өзіне қажетсіз мөлшерде ассортименттер сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, егер шартта тауардың сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге міндетті. Сатушы тұтынушыға бұл жағдайда мәжбүрлі түрде несие алдыртып, қалған соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеу бойынша шарт жасасу, шығу тегі туралы жалған ақпарат беру, сатушыға тауарды арбап өткізу құқықбұзушылық боп саналатыны кәсіпкерлерге түсіндірілді.
Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті