Қолөнер шеберлерінің клубы құрылды

Қазақстан Халықтары Ассамблеясы – 25 жыл

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігі жанындағы қолөнер шеберлерінің клубы құрылып, арнайы қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Мұнда әзірге қырыққа жуық қолөнер шеберлері жиналған. Қолөнер бұйымдарын жарыққа шығаруағы мақсат  — сан түрлі тамаша, тартымды туындыларды жұртшылыққа таныстыру, халық арасындағы қол еңбегімен жасалған  ерекше бұйымдарды дамыту.

Қолөнер шеберлері клубының жетекшісі Суслова Наталья Александровна. Мамандығы есепші.

-Қолөнер – менің жаным десе болады. Бала кезімнен айналысамын. Бисер тоқимын, картинкалар саламын. Қолөнер шеберлеріне арнайы ғимарат берілсе деген бұйымтайым бар. Шымкенттегі барлық қолөнершілер жиналып, туындыларын тұрақты таныстырып, көрсететіндей ғимарат болса екен. Арнайы жәрмеңке алаңшаларын алып,  бір мезгілде жиналғымыз келеді. Осы мәселені тиісті орындарға дейін барып айтып, құлаққағыс еттім де… Бірақ жаяудың шаңы шықпас (Один поле не воин) дегендей… әзірге ғимарат мәселесі  біз үшін арман болып тұр. Алматыда арбат бар, Астанада көрме залы бар, Шымкентке де осындай орындар керек. Өткен жылы Қызғалдақ фестивальінде ғана шықтық. Тараз бен Қызылорда қаласында да қолөнер шеберлеріне көп көңіл бөлетінін байқадым. Қысқасы, қолөнершілерге арбат берілсе деген ұсынысым бар.

Көмекшісі – Антоненко Натали Валерьевна.

Натали Валерьевна:

-Қазіргі кезде қол өнеріне көпшіліктің қызығушылығы артып отыр. Біз қолынан іс келетін, бес саусағынан өнері тамған шеберлердің басын қосып, осында Шымкентке жинап отырмыз. Осы жақында ғана клубтың отырысы өтті. Шеберлердің арасында ең жасы жиырмадағы қыз-келіншектерден бастап, алпыс жастан жоғары қадірлі де, құрметті аналарымыз бар.  Қолөнершілердің жасаған төл туындылары тасада қалып қоймаса екен деген тілекпен осы клубты аштық. Өз қолымен жасаған бұйымдарын олар қай жерге апарып таныстырады? Кейбіреуі айналасындағы тамыр-таныстарын пайдаланады, кейбірі әлеуметтік желіні қолданады.  Сондықтан көлеңкеде қалмау үшін біз флешмоб ұйымдастырдық. Ел танысын, туындыларымызды көрсін деген мақсатта Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігімен ұйымдасып, жұмыс жүргізіп келеміз.

Қазір көрме алаңдарын, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын көрсететін орын алаңдарын шешу мәселесі бойынша жүгіріп жүрміз. Осы мәселе шешілсе екен дейміз. Кейбір қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары эсклюзивті таңғаларлықтай болғандықтан оны көрмермендерге тарту етпеу мүмкін емес. Оны тек көзбен көру керек! Олар бар жан-дүниесі, махаббатын, ынтасын салып жасағандықтан керемет шығады. Қол өнері —  олардың хоббиі, сүйікті ісі десе болады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444