Емдік сусынның бағасы қолжетімді
Түркістан облысындағы Отырар ауданында негізінен мал шаруашылығы мықты дамыған. Соған орай, түрлі өндіріс орындары көбейіп келеді. Әсіресе Отырар ауданында түйе шаруашылығына қатысты кәсіп түрлері өркендеу үстінде. Бүгінде қымыран, шұбат өндіретін цехтардың жұмысы өрлеп тұр. Аудандағы «Гүлмайра» шаруа қожалығы шұбат өндірумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Ал 2011 жылы жаңа цех ашып, онда «Отырар шұбаты» деген арнайы ыдыспен шығара бастады. Бүгінде шаруашылықтағы мал басы 500-ден асқан. Күн сайын үш мезгіл сауып, шамамен 1-1,5 тонна дайындалған шұбат Оңтүстік елді-мекендерінен бөлек Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларының тұрғындарына да қол жетімді болып отыр. «Ешқандай химиялық қоспа қосылмайды,100 пайыз табиғи өнім. Шұбат арнайы сүзгіштен өткізіліп, залалсыздандырылады» деген шаруа қожалық басшысы шұбаттың адам ағзасына да пайдалы екенін айтады. 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымда негізінен жергілікті тұрғындар екі қолға бір күрек тауып отыр. 2 тәулікке жарамды емдік сусынның нарықтағы бағасы шамамен 500-600 теңге. Табиғи таза өнімге деген сұраныс та жоғары. Маусымына қарай жаз айларында сұраныс арта түседі. Одан бөлек арнайы тапсырыспен алдыратындар да көп.