Өнертапқыштарға арналған грант…
Ғылыми нәтижелерді коммерциялау жобаларын гранттық қаржыландыру байқауының аясында қазақстандық ғалымдар 300 миллион теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болады. Бұл туралы Түркістан облысында осы шараны ұйымдастырушылардың қатысуымен өткен семинарда айтылды. Онда аталмыш қаржыны қалай алуға болатыны егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, егер сіз ҚР азаматы болып, ғылыми жобаңызды еліміздің аумағында жүзеге асырсаңыз, онда байқауға еш қиындықсыз қатыса аласыз. Сайыс өткізіліп келе жатқан екі жыл ішінде 839 өтініш қабылданып, оның 96-ы мақұлданған. Конкурс жеңімпаздары жалпы сомасы 20,7 миллиард теңгені құрайтын грант ұтып алған. Ұйымдастырушылар өзге өңірлерге қарағанда алматылық ғалымдардың белсенді екенін айтады. Ал ғылыми жобаларды іске асыруда ең танымал сала агроөнеркәсіп кешені болып отыр. Бүгінде Түркістан облысында да инновациялық жаңалықтарымен жұртты таңқалдырып жүрген өнертапқыштар көп. Аталған грантты ұтып алған жағдайда олардың өнертабысы өндіріске көп пайдасын тигізер еді. Құрманғазы Омаров, жобалық дирекция басшысы: «Грантты қаржыландырудың негізгі мақсаты – отандық өнертапқыштарға, отандық ғалымдарға бюджет қаражаты есебінен олардың ойлап тапқан ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізуге көмек жасау».
24.кз