АДАЛ ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУ – БІЛІМ БАСПАЛДАҒЫНАН БАСТАУ АЛУЫ ТИІС
Білім беру саласы — ел ертеңін қалыптастыруда айрықша маңызға ие саланың бірі болғанымен, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық көріністері ең жиі ұшырасатын сала ретінде көш басында келеді.
Осыған орай, білім беру мекемелерінде туындайтын бармақ басты, көз қысты әрекеттердің деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов Отырар ауданына қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты — білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық деректерінің орын алуына жол бермеу және қоғам дертінің туындауына бірлесе төтеп беру.
Жиында Ержан Әлиұлы 2021 жылы Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының 11-і білім беру саласына қатысты екендігін баяндап, өскелең жастың ертеңін қалыптастыратын білім беру саласында бармақ басты әрекеттердің туындауына жол бермеу қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ, Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен 5 жыл уақыт аралығын қамтитын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында айқындалған негізгі аспектілерге тоқталып, өзгерістер мен жаңашылдықтар бойынша ақпарат беріп, мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеуді назарға алды.
Шара соңында қоғамдық санаға әсер ету құралы ретінде облыста орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик жиынға қатысушылар назарына ұсынылды.