ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША БРИФИНГ БЕРДІ
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұловтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Абзал Шымкентбайұлы ауданда атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды.
– Аудан бойынша 47 202 жеке тұрғын үйдің 77 пайызы тәулік бойы, 12,6 пайызы кесте бойынша, 10,4 пайызы тасымал сумен қамтылды. Осы орайда ауыз сумен қамтуды қажет ететін 6 елді мекен (Асар-2 ш/а (2 кезек), Бозарық с/ж, Қайнарбұлақ т/а, Исфиджаб т/а, Сайрам т/а, Қызылсу тұрғын алаптарының Жаңақұрылыс аумақтары) «Шымкент қаласын дамытудың 2020–2023 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» енгізілді, – деді аудан әкімі.
Спикердің сөзінше, аудан аумағында қоныстанған үйлердің 78,8 пайызы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің балансындағы, ал 21,2 пайызы жеке меншіктегі электр трансформаторлары арқылы электр жарығын пайдаланады.
Сонымен қатар, Тұран шағын ауданында «АБМ Билдинг» ЖШС-і тарапынан жүргізіліп жатқан электр жарығының құрылысы биыл қараша айында аяқталады. Ал өткен жылы басталған Достық шағын ауданындағы жарық құрылысы сот шешімімен тоқтатылған. Осы жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта өткізілуіне орай, жұмыстар жалғасады. Жобаға сәйкес 47 шақырым желі және 13 дана КТП орнатылады. Одан бөлек, Қайнарбұлақ тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде.
Айта кетейік, жалпы аудан аумағының 26,3 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл ретте Асар-2, Достық (2 кезек), Тассай тұрғын алаптарын кәріз жүйелерімен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады. Оған қоса, Қайтпас, Ақжайық шағын аудандарын кәріз жүйелеріне қосу бойынша ұсыным енгізілген.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы