О.Рудакова: Болашақта биік жетістіктерге жетіп, еліме қызмет еткім келеді
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы және «Қазақтану» жобасы аясында өткізілген «Ұлт үні» байқауының конкурсанты, украин диаспорасының өкілі Рудакова Ольга Владимировна:
- Маған халық әндері ұнайды, сондықтан орыс және қазақ халқының әндерін сүйіп орындаймын. Өзім Темірланда туып-өскенмін, кейін отбасымызбен Шымкент қаласына көшіп келіп, осында музыка мектебіне бардым. Қазір Шымкенттегі Саз колледжінің вокал жанры бойынша төртінші курсында оқимын. Ұстазым Наталья Васильевна.
Мен үшін еліміздегі басты құндылық – бірлік пен достық. Жер бетінде тек бейбітшілік болса екен. Ұлтшылдық белең алмаса екен. Мейлі, кім қандай ұлт болсын, барлығы да достық пейілмен араласып, бір дастархан басында дәм татып, ұлтқа бөлінбей ғұмыр сүрсе, Бір-бірінің тілі мен мәдениетіне құрметпен қараса дейміз. Мен өзім украин қызымын. Әкем де, анам да украин ұлтынан. Ата-анам екеуі де жеке кәсіпкер. Ал, ағам дизайн архитектор. Алты жасар туыс інім бар, қазір оны қазақ тіліндегі әндерді орындауға баулығым келеді. Қазақ тілін жетік білсе деймін. Өзім де қазақ тілін түсінемін, аз-маз қазақ тілінде сөйлеймін. Болашақта биік жетістіктерге жетіп, еліме қызмет еткім келеді.