Шавкат Сұраншиев: Қонақжай, кеңпейілді қазақ халқына алғысым шексіз
Бүгінде Шымкентте түрлі ұлт өкілдерінің талантты жастары еңбек етіп жүр. Қиын да күрделі сала саналатын циркте де өзге ұлт өкілдері көп. Солардың бірі — Шавкат Сұраншиев. Таланты мен талабы ұштасқан Шавкаттың мұнда өнер көрсетіп жүргеніне 9 жылға жуықтапты. Ұйғыр ұлтының өкілі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Онда өтетін түрлі іс-шараларға атсалысып тұрады. Биыл да ҚХА –ның 25 жылдығына орай ұйымдастырылған онлайн іс-шаралардан тыс қалған жоқ.
Алматыдағы А. Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде оқыған ол кейінірек циркке қызығушылығы ояныпты. Сол арманының жетегіне еріп сыңары екеуі Ж.Елебеков атындағы колледжге түседі. «Досымның ағасы цирк әртісі болған. Сонымен бірге барып, көріп, қатты қызығушылығым оянды. Оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, Шымкентке келдік. 2012 жылдан бері осындамыз. Өзіміздің тобымыз бар, бес метрлік арқанның үстінде ойнаймыз, әртүрлі өнер көрсетеміз. Цирк колледжінде 8 жанрдың барлығын үйретеді. Соңында өзің шешім қабылдайсың қай бағытты таңдайтыныңды. Даршы яғни, (конотоходец) арқанның үстінде жүріп, түрлі трюктер қоямыз. Өте қауіпті әрі күрделі. Басты трюктер бар. Қазір «Сира доңғалағы» атты трюкті меңгеріп жатырмыз. Бұл сала Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Соны меңгеріп жатырмыз. Қойылымды бастан аяқ өзіміз жасаймыз. 2016 жылы «Азия жаңғырығы» байқауына қатыстық. Күміс медаль жеңіп алдық. Басқа елдерде мәселен Ресейде, Қытайда келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Татарстанда, Башқұрстанда болдық. «Шопито» циркімен бірге 15 қаланы араладық. Ресейде бір жыл болдық. Түрлі ұлттарды көрдік. Татулық пен бірлікті биік қойған елде өмір сүріп жатқанымызға шүкір дейміз» дейді талантты жас. Шымкент циркінде өнер көрсеткеніне 9 жылдан асқан дарынды жас ата-анасын Алматыдан осында көшіріп әкеліпті. «Қонақжай, кеңпейілді қазақ халқына алғысым шексіз» дейді өнер иесі.