Кәріс халқында Соллаль мерекесі қалай тойланады?
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Шымкент қаласындағы корей этномәдени бірлестігі жыл сайын Соллаль мерекесін тойлайды. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеяның құрметіне орай және қазақстандық кәрістердің достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында қазақ пен корей халқындағы салт-дәстүр ұқсастығын атап өткіміз келеді. Қазақ халқы секілді корей халқында да ата-анаға, арғы ата-бабаға құрмет көрсету, ата-бабаға сыйыну салттары бар. Олар да жаңа жылды көктеммен тұспа-тұс келгенде мереелейді.
Корей халқы Жаңа жылды бір жылда екі рет қарсы алады. Бірі әдеттегі григориан күнтізбесі бойынша, екіншісі ай күнтізбесі бойынша атап өтіледі.
Ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын Жаңа жылды Соллаль деп атайды. Оны қаңтар айының аяғында не ақпан айының басында тойлайды. Жаңа Жыл корей халқы үшін көктем мерекесі, яғни жаңару мен гүлдену уақыты болып саналады. Соллаль мерекесінде орындалатын барлық ырымдар мен дәстүрлер келер жылы мол астыққа кенелумен байланысты.
Корей әулетінде жаңажылдық рәсімдер өткен ата-баба аруағына арнап, құрбандық шалудан басталады. Еңбектеген кішкентай балалардан бастап, еңкейген қарттарға дейін ұлттық киім ханбокты киіп, жайылған дастархан басында қайтқан соңғы төртінші ұрпақты еске салады. Дастарханға тағамдар мен сусындар төрт құбыланы ескере отырып қойылады. Кей кезде тағам орны оның түсіне байланысты қойылады. Мысалы, қызыл түсті тағамдар шығыс жақтан, ал ақ тағамдар батыс жақтан орын табады. Кейде тағамның ауыз тию ретіне байланысты болады. Мысалы, алдымен күріштен пісірілген тамақ қойылып, кейін оның орнын тәтті тағамдар басады. Кейін хош иісті заттар шегіліп, қайтқан кісілерге екі рет иіліп, оларды тамаққа шақырады. Алдымен жасы бойынша үйдің үлкені иіліп, кейін кезекпен кішілер иіле бастайды. Ата-баба тамақтан ауыз тиді деген кезде ғана ас қайырады.
Арғы ата-бабаны құрметтеген соң, олар үлкен кісілерді құрметтеуге көшеді. Жанұяның кішкентай мүшелері алдымен ата-әжесіне, кейін ата-анасына, содан кейін аға-жеңгелері мен әпке-жезделеріне иіледі. Иілу кезінде олар үлкендерге арнап, жақсы тілектер айтады. Ал үлкендер болса, басын иген жанға риза болып, оған тәтті тоқаштар немесе тиын-тебен береді (берілетін ақша мөлшері жанұяның тұрмыстық әл-ауқатына байланысты болады). Бұл рәсім «сэбэ» деп аталады. Сэбэ рәсімін барлығы орындауға міндетті. Сондықтан да өз үйінен шалғайда жүрген жандар Соллаль мерекесінде ата-анасына келіп, құрметін көрсетеді.
Сэбэ рәсімінен кейін дәстүр бойынша барлығы жаңажылдық асқа жиналады. Дастарханға сиыр етін пісіріп, күріш шелпектері немесе жасыл жуамен араласқан кеспе қосылған тток-гук сорпасын қояды. Наным бойынша, сорпаны ішіп болған соң, адам баласы бір жасқа есейеді. Жаңа жылдың алғашқы күні барлық адамзаттың туған күні болып саналады. Тіпті, бұл күні дүниеге келген кез-келген сәбидің жасы бірден екіге толады. Анасының құрсағында жатқан кезеңді корейліктер бір жас деп есептейді.
Ай күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа Жыл ұлттық мейрам мәртебесін 1989 жылы иеленді.