Өзбек драма театры өркендеп келеді
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Көпұлтты Қазақстанда қазақ театрларымен қатар орыс, ұйғыр, көрей, неміс және өзбек театрлары қатар жұмыс істеп келеді. Осы театрлардың ішінде Шымкент қаласы Сайрам ауылында шаңырақ көтерген өзбек драма театрының ашылуы Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзбек ұлты өкілдері үшін елеулі оқиға болды. Театрдың ашылу салтанатына ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп қатысып, ұжымға шығармашылық табыс тілеген еді. Шымкент өзбек драма театры 2003 жылдың 14 наурызында құрылды. Театр директоры – Икрам Хашимжанов, ал режиссері Қуандық Қасымов болды.
Театрда қандай қойылымдар көрсетіледі?
Өзбек драма театрында отандық туындылардан бөлек, шетелдік классиканың үздік шығармалары сахналанып жүр. Бүгінгі таңда театр сахнасынан «Темір қатын», «Сиқырлы алмалар», «Қашан таң атады», «Кураж ана», «Келіндер көтерілісі», «Күшік күйеу», «Қырмызы алма», «Инабатты келіншек», «Улы тамшылар», «Өмір соңындағы бақыт», «Үйлену», «Зордан зор шықса» және т.б. қойылымдарды көруге болады.
2010 жылдың мамыр айында «Зордан зор шықса» спектаклін қою үшін Ташкент қаласындағы жасөспірімдер театрының танымал режиссері А. Салимов пен Ш. Башбеков арнайы шақыртылды.
Театр труппасының құрылғанына аз уақыт қана болса да, көптеген классикалық туындыны сахналап үлгерді. Сондай-ақ, театр Алматы, Астана, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Көкшетеу қаласын гастрольдік сапармен аралады.
Өзбек драма театрының жетістіктері
Бүгінгі таңда театрдың А. Тоғанбаев, С. Махмудов, Р. Сайтходжаев, С. Розыметова, В. Нишанбаева, З. Тоғанбаева, З. Қадирметова, Ш. Хадиметов, Ұ. Насыров, А. Ерханов, Д. Халметова, Ф. Мансуров, А. Эргешов, Ж. Сайитов, М. Заббарханов, Б. Искандаров сынды әртістері өз өнерімен халықты тәнті етіп жүр.
«Театр көктемі – 2011» республикалық фестиваліне қазақстандық 11 кәсіби деңгейдегі театр қатысты. Аталған фестивальге өзбек драма театры да барып, Жан Батист Мольердің пьесасына жазылған «Зордан зор шықса» туындысын сахналады. Қызметші рөліндегі Р. Сайтходжаев қос кейіпкерді шебер сомдап, қазылар алқасының оң бағасын алды. Сондай-ақ, «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.
2011 жылдың 24-26 сәуірі аралығында Астана қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық театрлардың республикалық фестиваліне театр «Қарыз» спектаклімен қатысты. Аталған фестиваль барысында театр ұжымы «Ең үздік спектакль» номинациясы бойынша марапатталды.
Театр әртісі А. Тоғанбаев 2005 жылы әкім стипендиясының иегері атанды. 2006 жылы С. Махмудов «Мәдениет қайраткері» атағын, ал актер Р. Сайтходжаев облыстық театрлар фестивалінде «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Кейінгісі Өзбекстан жасөспірімдер театрында танымал режиссер А. Салимовтың қарамағында біліктілігін шыңдап келді.