«Тәуелсіз елдің бақытты ұрпағымын»
Бүгінгі қолданыстағы Ата заңымызға биыл 25 жыл толып отыр. Қазақстанның әлемдегі жоғарғы беделі – бұл біздің тікелей ішкі жетістіктеріміздің, бейбітшілік сүйгіш саясатымыздың және ірі халықаралық жобалардағы бастамашылығымыздың нәтижесі. Конституция азаматтық көзқарас еркіндігін таңдау мен бейбітшіліктің көк туын биіктен желбірету мүмкіндігін сыйлап отыр. Осы орайда, қазақстандықтарға, көп ұлтты елімізге бірлік, тыныштық, ашық аспан, береке мен азаматтық жауапкершіліктің көтерілуін, қоғамдық тұрақтылық тілегім келеді. Жалпы, өзім көпбалалы тәжік отбасында туғанмын. Бала кезімде әртіс, биші болуды армандадым, себебі би-әлеуметтік жағдайға, дінге, ұлтқа тәуелсіз, адамдарды біріктіретін, шеті мен шекарасы жоқ өнер тілі. Соның арқасында мен бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекетімді көпке таныстыра аламын деген ой түйдім. Сол сияқты Қазақстан азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді білу парызым деп санап, толық меңгеріп алдым. Қазір мектеп – лицейінде қазақ тілі мұғалімі болып жұмыс атқарамын. Өз мамандығымды абырой санаймын. Барлық арман-мақсаттарыма жеткізіп отырған тәуелсіз елім Қазақстаныма деген алғысым шексіз.
Рухсора Асалба