Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі мәртебесі
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Қазақстан халқы ассамблеясының басшылығына байланысты бір ерекшелік – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi бұл органды өмiр бойы басқару құқығына ие. Қазақстан халқы ассамблеясы – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған, ең негізгі міндеті мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекет және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында жасақталған мекеме. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан болатын. Бірақ үш жылдан соң, яғни 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Оның мәртебесін алғашында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен еді. Өз тарихында ассамблея аталған мәртебеден мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті.