Көкөніс сақтау қоймасын салмақ
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын пысықтады. Әсіресе индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысын жүйеледі. Облыс әкімі алдымен, Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Кооператив 2017 жылы 40 га жерге қарқынды алма бауын еккен. Осы жұмыстар үшін 503 млн. теңге көлемінде инвестиция тартқан. Шаруашылыққа қажетті техниканы «Ырыс» МҚҰ аркылы 43 млн. 100 мың теңгеге лизинг бойынша қаржыландырған. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы – Озықбай Абзал Мейрамбекұлы. «Гала», «Голден делишес», «Айдаред» және «Ред делишес» атты алманың сұрыптары егілген бауда 87500 дана түп ағаш бар. Кооперативте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақысы – 90 мың теңге. Мұнан кейін облыс әкімі Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығында болды. Кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал, 2017 жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызды. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егілген. Бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қолданған. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 50 млн. теңге. Бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлген. Қожалық басшысы 10 гектар жерді сатып алса, 10 гектар жерді мемлекеттен 49 жылға жалға алған. Жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия берілді. Гектарына 35-40 тоннадан өнім береді деп күтілуде. Бүгінде жүзімбақта 10 адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Шаруа қожалығы алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзімбаққа жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ.