Теңдесі жоқ технологиямен жабдықталған
Түркістан облысындағы іргелі кәсіпорындардың бірі «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-нің серіктестігі бүгінде өнім өндіру көлемін арттырып келеді. Алып зауыт алыс және жақын шетелдерге экспорт көлемін 40 пайызға арттырып отыр. Еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағларламасы аясында мемлекеттік қолдау барысында жүзеге асқан кәсіпорын – машина жасау саласында алдыңғы қатарда тұр. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған. «Бадам» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынның жобалық құны 2 млрд теңгені құрайды. Жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқары бар зауытта 75 адам жұмыспен қамтылған. Ішкі нарықтың 60 пайызын құрайтын кәсіпорын, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Белоруссия секілді елдерге өнімін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Оңтүстікте индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2015 жылдан бері 145 жоба іске қосылған. Жалпы, 13 мыңға жуық жұмыс орны құрылып отыр. Кәсіпорын өніміне сұраныс жылдан жылға артып отыр. Өз кезегінде өндіріс орны заман талабына сай өнім түрлерін шығарып, жұмыс орнын көбейтуді де көздеп отыр. Ол үшін бүгінде зауытта жоспарлы жұмыстар атқарылуда.