«Бір ел — бір кітап» акциясы өтті
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Бір ел – бір кітап – 2019» акциясы аясында таңдалған қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Әбділда Тәжібаевтың шығармалары және заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітабын насихаттау және оқырмандар арасында қорытындылау мақсатында әдеби кеш өтті.
Әдеби кешті «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің кітапханашысы А.Құралбекова жүргізіп отырды.
Шарада сөз алған кітапхананың ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты З. Жантасова Әбіш Кекілбаев шығармаларының ерекшелігі мен тәрбиелік маңызын әңгімеледі. Қазақтың дүлдүл ақыны Әбділда Тәжібаевтың «Біз де қазақпыз» атты поэтикалық драмасының тарихи астарын талдаған тарих ғылымдарының магистрі А.Оралова, Тәжібаев шығармаларының тарихтың ақтаңдақ тұстарын ашудағы деректік маңызына тоқталды.
Кеште қазақтың қара домбырасы шертіліп, қазақ әдебиеті классиктерінің туындылары орындалды. Шара соңында «Аңыздың ақыры» кітабы кітапханашылар арасында талқыға салынып, оқырмандардың өзіндік көзқарастары мен пікірлері тыңдалды.