ЭКСПО-2017 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ АЯСЫНДА СОМАЛИ МЕМЛЕКЕТІ ӨЗ ҰЛТТЫҚ КҮНІН АТАП ӨТТІ

«EXPO» бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға. Осындай ауқымды көрмені өткізу 2017 жылы елімізге бұйырған болатын. Бүгінде Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. ЭКСПО-2017 көрмесінің өтіп жатқанына 21 күн болды. Осы уақыт аралығында көптеген мемлекет өздерінің ұлттық күнін атап өтті. Көрме аясында түрлі елдің сан алуан салт-дәстүрлеріне, жаңа технологияларына, ерекшеліктеріне куә болдық. Сондай елдердің бірі Сомали Республикасы.

Сомали Республикасы да жасыл энергетиканы қолдайды. Шілденің бірі бұл елдің — ұлттық күні. Сомалиліктер өте көңілді, қонақжай халық. Ән мен биді жандары сүйеді. Сондықтан да болар, ЭКСПО-ға салт-дәстүрлерінен хабар беретін бағдарламаларды көптеп дайындап әкелген көрінеді.

Сомали Республикасының танымал әншісі Ник Косова аталмыш шарада Сомали дәстүрлі әуендерінің желісіне құрылған афро-поп әндерін орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде өз ұлттық күнін атап өтуді дәл 1 шілдеге жоспарлаудың өзіндік мәні бар. Себебі, 1960 жылдың 1 шілдесінде Сомали-ленд пен Сомали бірігіп, Сомали мемлекеті атанды. Қазір Сомали Федеративтік Республика болып құрылған.

Сонау Шығыс Африка жерінен келген сомалиліктердің айтуынша, елдерінде жиі құрғақшылық болатын көрінеді. Сондықтан жасыл энергетиканы осы салаға қатысты технологияны меңгеру жолдарын қарастыруда. Олардың басты мақсаты — баламалы энергияны қолдануда көш бастап тұрған мемлекеттердің озық жобаларымен танысып, әріптестік орнату. Осы арқылы баламалы жасыл энергия көздерін қолдана отырып, құрғақшылықтан сақтану.

Сомали республикасының өкілі Лушку Валушику: — Африка құрлығынан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 20-ға жуық мемлекет қатысып жатыр. Барлығы да жаңартылған энергияны табыстың көзі санайды. Сомалидің де күн энергиясына қатысты жобалары бар. Оны әлі де толықтыра түссек дейміз. Бізге бастысы — тәжірибе жинақтау керек. Ал Қазақстан маған ұнады. ЭСКПО-ның дәл осылай жоғары деңгейде өтіп жатқандығы сіздердің Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы дер едім.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444