Өндіріс өркендеу өзегі

Бүгінде бүкіл әлемді заманауи технологияларымен, «ақылды» техникаларымен таңқалдырып отырған Жапония мемлекеті алдағы уақытта да көптеген жетістіктерін паш етері сөзсіз. Керемет техникалар жасап шығарып жатқан жапондықтарды ештеңемен таң қалдыра алмайсың. Дегенмен өркениеттің өріне талпынған күнгейліктердің жетістігіне олар да қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Жуырда Түркістан облысындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағына «Sankoseiko Co Ltd» жапон корпорациясының менеджері Shinsuke Ishida мырза іс сапармен келді. Ishida мырза 2018 жылдың тамыз айында ашылатын «Sin Yuan Steel» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ірі металлургиялық зауытының құрылыс барысымен танысты. Алдағы уақытта өнім көлемі зор, сұранысы мол тауар өндіретін өндіріс орнының келешегі кемел. Зауыт өкілдері жан-жақты өнім өндірілетіні туралы айтып, тауарды өткізу үдерісін сипаттады. Бұдан басқа, Жапония өкілі жоғары сапалы шыны ыдыс өндіретін «ЕвроКристалл» ЖШС зауытына барып қайтты. Мұнда Ishida мырза Қазақстанда бөтелке қалай өндіріледі, кварцты құмнан шыны ыдыс болатынын өз көзімен көрді. Осылайша Жапония қонағының Қазақстанда өндіріс қарқынмен дамып келе жатқанына көзі жетті. Индустриалды-инновациялық дамытудың  2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның болашағы зор дейді мамандар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444