ТҮРКІСТАН: БАСТЫ ҰСТАНЫМ — АДАЛ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ
Баланы Отанға деген сүйіспеншілікке, адамдарды және дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Осынау құндылықтарды қалыптастыруда негізгі орын отбасына және білім беру саласына тиесілі.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті жанынан құрылған ақпараттық — ағартушылық Штаб мүшелері Түркістан көмекші мектеп-интернатының ұжымымен кездесті.
Бүгінгі білім саласының қызметкерлерімен кездесуге облыстық ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі Ерұлан Тұңғышбаев және штаб мүшесі Айдос Абпазов қатысты.
Ұлағатты ұстаздармен кездесу барысында Штаб жетешісі Ерұлан Икрамұлы ақпараттық үгіт-насихат штабының жұмысы туралы баяндай келе, «Ұлт болып ұйысудың басты тетігі — рухани тәрбие, яғни адамзаттың бойында адамгершілік, әдептілік, адалдық, әділдік және парасаттылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі» — деді.
Ал, Айдос Кенжеханұлы «Білімді ұрпақ тәрбиелеп, парасатты адам болып қалыптасу қажет. Біз адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза ұстануымыз керек. Парасаттылық — адам өмірінде мәдениеттілік пен көрегенділік сипатына ие. Адамның көңілі таза, пейілі кең, шыншыл болғанда әділдікке қол жеткізеді. Біз, ұрпақ тәрбиелей отырып, бүтіндей қоғам тәрбиелейміз» — деп қорытындылады.