«Мен қазақтың келіні екенімді үлкен мақтанышпен айта аламын»

Татьяна Мартыненко Шымкент қаласындағы №66 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі. Жастайынан өнерге бейім болып өскен ол мектеп қабырғасында жүргенде қазақтың қара домбырасымен халық әндерін шырқап  көзге түскен орыс қызы баршаны  таң қалдырып тамсандырады. Өнер жолын әрі қарай өрлету үшін Татьяна 1983 жылы Шымкент мәдениет институтының музыка факультетіне тапсырып, 1987 жылы жақсы деген бағамен бітіріп шығады. Фараби сазды ансамблінде ән салып, елге танымал болған Татьяна Германия, Польша, Монғолия елдеріне гострольдік сапарларға шығып, бүкіл дүние жүзіне ән салды.

1983 жылы «Үш Татьяна»  атты жобамен тамаша бағдарламамен  алғаш сахнаға шығады. 1985 жылы Мәскеуде өткен бүкіл дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысады. 1985 жылы үш Татьяна  және Надежда деген документальді фильм жарыққа  шықты. 1985 жылы  «За активное участие» медалімен марапатталады. 1986 жылы «Үш тоты» деген документальді кітабы жарыққа шығады. 1998 жылы Елбасы қолынан Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер атағын алады. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Татьяна Мартыненкомен сұхбат алуды ұйғардық. 

 

  • Татьяна Владимирқызы, Сонау 80-ші жылдары «Үш Татьяна» деген атпен жұртшылықтың жүрегін жаулап,   қазақ тіліндегі әндерді әуелете  асқақтатқан үш орыстың  қызы республикаға ғана емес, бүкіл әлемге танылды. «Үш тоты» деген атқа ие болған шынашақтай  арулар қазақтың дәстүрлі әндерімен тамсандырып, таңдай қақтыра білді. Сіз Елбасының қабылдауында болған әйел-анасыз. Өзіңіздің сол кездегі сезіміңізбен бөліссеңіз?
  • Шынымды айтсам, Елбасының алдына бару оңай емес, біздің елде тоғыз миллион ана бар екен, соның ішіндегі жиырма төрт ананы шақырып арнайы қабылдағаны ол үлкен құрмет деп ойлаймын. Алғаш 1990 жылы Елбасы сайланып, Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болған кезде кездескенім бар. Шетелде гастрольдік сапарларға шыққанда Елбасы да болатын, сырттан байқаушы едім. Ол кезде албырт жас болдық, ел басқарудың қандай екенін ойлаған емеспіз, ал қазір одан бері қаншама жыл өтті, өмір бізді есейтті. Қазіргі кездесіп жолыққаным өзімді толқытты. Ел басқаруды былай қойғанда отбасын шайқалтпай алып жүру оңай емес. Сондықтан осы жолғы кездесуде үлкен жауапкершілікті сезіндім.
  • Бұл кездесу сізге не берді деп ойлайсыз?
  • Әрі қарай да жақсы жұмыс істеу керек. Мені осынша дәрежеге жеткізген қазақ тілі, қазақтың қара өлеңі, өнері! Мен қазақ тілін білгендігімнің арқасында құрметке бөлендім. «Қазақ тілін үйрен, сен осы жерде тудың, қазақтың тілін біл» деп үйреткен әке-шешеме алғысым шексіз, кішкентай бала күнімнен қазақ балаларының арасына жіберіп, аралас-құралас етті, сол қазақтың қара домалақ ұл-қызымен дос болдым, өмірге талпынып өстім, алдыма арман қоя білдім.
  • Қазір басшылық қызметте жүрсіз. Өнерден қол үзіп қалдым деп ойламайсыз ба?
  • Қазақта айтады ғой, екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді деп, әйел баласы болғаннан кейін, мен өнер жолына түсіп, кәсіби әртіс болуды емес, тұрмыс құрып, отбасы болуды ойладым. Отбасын алдыңғы орынға қойдым. Қазір сүйікті жұмысым бар, ұжымым бар.
  • Жалпы өзіңізге сынмен қарайсыз ба, әлде көбінесе жетістіктеріңізге көп көңіл бөлесіз бе?
  • Мен өзіме сынмен қараймын. Ылғи бірнәрсе жетпей жатқандай болып тұрады, сахнаға шықсам да, жұмыс істеп жатсам да, «мынаны дұрыс істедім бе, былай етсем дұрыс болар еді, мынауым қалай?» деп, үнемі өз-өзімді ретке келтіріп, қалайда дұрыс болуым керек деп ойлап отырамын.
  • Өзіңіздің бойыңыздағы жақсы қасиет деп нені айтасыз?
  • Қолым ашық, ақкөңіл адаммын. Өмірде ондай адамдар ұтылып та жатады, негізі біздің қоғамда қу адамдардың жолы болғыш келеді, бірақ мен ондай бола алмаймын. Қызым да өзіме тартқан.  Осы жаздыгүні болған оқиғаны айтайын… Бес қыз болып аулада ойнап жүрген жерінен кішкентай қызым жүгіріп келіп: «Мама бес балмұздаққа ақша берші» дейді. Құрбыларына алып бермек. Мен айтам: «олардың өз әке-шешесі бар ғой». «Ой, мама, олар көп балалы отбасы» дейді. «Жарайды» деп ақша бердім. Сөйтсем бір сағаттан соң, құрбысымен келе жатыр екен. «Қалай, балмұздақ ұнады ма?» деп сұрадым. Қасындағы қыз айтады: «Таня әпке, Диана тәттісін жеген жоқ. Тағы да бір қыз келіп қалған еді. Соған балмұздағын бере салды»,-дейді…
  • Иә, жаны таза, ізгілікке толы бала екен. Жалпы, бала тәрбиелеудегі сіздің ұстанымыңыз қандай?
  • Негізі қатал тәрбиелеуге болмайды. Қатал болсаң, бала бекерге кері кетеді. Мен балаларыма да жұмсақпын. Әсіресе, қызыма иілгішпін, ал ұлдарыма талаппен қараймын. Менің ойымша, ата-ана баласына үлгі болуы керек, сөзбен емес, іспен көрсете білгені жақсы. Өзің қалай өмір сүрсең, бала-шағаң саған қарап солай өмір сүреді.
  • Үйіңізде музыкалық аспабыңыз тұрған шығар. Оны қолыңызға алғанда қандай сезімде боласыз? Сахнаға деген сағыныш бола ма? Қазір сахнаға қайта шықсам ғой деген ой келе ме?
  • Қазір шынымды айтсам, сахнаға онша шыққым келмейді. Баяғыда біз сахнаға шығатын кезде бізді дайындайтын еді, жаңа әнмен шығатын едік, қазір сахнаға не деп шығамын, сахна деген  оңай емес қой, баяғы өлеңдермен шыға бермейсің. Жаздыруға көп қаржы керек дегендей… Сондықтан қазір  тапқан  ақшамды  бала-шағама жаратамын… Бір қуанатыным, халық бізді ұмытпапты. Соны білеміз. Өйткені бірнеше жыл бұрын біз концерт берген кезде екі жарым  мың адамға билет сатылды. Өзі екі жарым мыңдық зал.  Адамдарға билет жетпей  қалды. Соның бәрін  көріп біз  қуандық, шынымен де біз халықтың есінде екенбіз.
  • Қазақтың келінісіз, оған өзіңіздің көзқарасыңыз, келін болғаныңыды мақтан ете аласыз ба?
  • Бұрын бізге жұрт «үшеуің де қазаққа келін болатын шығарсыңдар» деуші еді. Иә, мен қазақтың келіні екенімді үлкен мақтанышпен айта аламын. Балаларым бар. Күйеуім  тамаша адам болғаннан шығар, мені бағалап,  жолдасыммен  бірге отыз жылдан астам өмір сүріп жатырмыз. Керемет отбасым бар. Күйеуім, бала-шағам, құда-құдағиларымыз, туысқандарымызға сыйлымыз. Тату араласамыз. Қайынапаларым  бар. Олармен жақсымын, бір-бірімізге «сен» деген емеспіз. Біздің туысқанымыз да, досымыз да көп. Олардың барлығы Татьяна болғаннан кейін келіп жатқан жоқ, олар өмірлік достар. Өмірлік туысқандар…
  • Өмірде неден қорқасыз?
  • Жақын адамдарды жоғалтудан қорқамын. Ең жақын адамдарым әрқашан дендері сау, ұзақ өмір жасасын. Ал қалған нәрселердің барлығы қолда тұрған нәрсе. Өзің жақсы болсаң, қасыңдағы адамдар да жақсы болады. Өзің нашар болсаң, қалғандар да нашар болып келеді.
  • Тәрбиешілерге қояр талабыңыз қандай?
  • Жұмыста мен өте қаталмын. Біріншіден балаларды сүйетін адам керек маған. Өзінің баласындай көру керек.  Екіншіден тамақтары өте дұрыс болу керек. Ең соңғысы сабақ жағы. Оны  міндетті түрде үйрету керек. Баланың бақытты болуы үшін қолдан келгенінше барлығын жасау керек.
  • Халыққа айтар тілегіңіз? 
  • Елде тыныштық болсын. Қазақта айтады ғой, ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деп, аналар шуақ-нұрын шаша берсін, үйдің шамшырағы болсын, қазақша айтқанда,   балалардың  қызығы мен рахаттарын көрсін. Балалар өсіп өнсін. Еліміз аман болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444