Сирек кездесетін мамандық иесі
Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жылдығы аясында
Қазақстандағы өзбек диаспорасының өкілі — Нишанбаев Фарход Шымкент қаласында денсаулық саласында көптеген жылдар еңбек сіңірді. Фарход Жаналиұлының мамандығын өте сирек кездесетін, әрі қиын мамандық десе болады. Себебі, ол жылдар бойы Шымкент қаласында сот медициналық сараптама жасайтын дәрігерлердің бірі әрі бірегейі болды.
Ол 1937 жылы 21 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1953 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкент медициналық училищесіне түсіп, содан кейін фельдшер мамандығын алды. Еңбек жолын 1956 жылы Түлкібас ауданында «геологиялық барлау» экспедициясында фельдшер болып бастаған. 1961 жылдан 1963 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болды. 1963 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, оны 1969 жылы сәтті бітірді. 1974 жылы дәрігерлердің білімін жетілдіру Мәскеу медициналық институтында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 1982 жылы Киев медициналық институтында біліктілігін арттыруға оқыды. 1988 жылы сол мақсатпен Ленинград медициналық институтында оқыды.
Фарход Жаналиұлы 1969 жылдан 2010 жылға дейін, 41 жыл бойы сот медициналық сараптамалық қызметін атқарды. Клиникалық ауруханада сарапшы, кейін патоморфология бөлімшесінің меңгерушісі болды. Айтып кеткеніміздей, сарапшы-дәстүрлі медициналық мамандықтардан ерекшеленетін мамандық. Адам денесіндегі патофизиологиялық реакциялардың ерекшеліктері туралы білім көмегімен маман құқық қорғау органдарына қылмысты түсінуге көмектеседі.
Ф.Нишанбаев еңбек жолының барлық кезеңінде өзін кәсіби маман ретінде көрсетті. Ол облыс медицинасының дамуына зор үлес қосып, маңызды рөл атқарды. Өзінің еңбек жолы үшін облыстық және қалалық әкімнің грамоталарымен, «Денсаулық сақтау үздігі»медалімен марапатталған.