Тонның ішкі бауындай…

Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жылдығына орай Шымкент қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің қазақ халқымен арадағы қарым-қатынасы, ұқсастықтары туралы әңгімелейміз. 

 Қазақстанда өзбек  ұлтының басым бөлігі оңтүстік өңірінде орналасқан. Әсіресе қазақ пен өзбек халқының ежелден бауырмал, түбі бір түркі халықтарының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұқсас. Өмір салты бір-біріне жақын болғандықтан, екі бауырмал ел етене байланысып, қоян-қолтық араласып келеді.

Негізі, дәстүр жағынан жақындық  бар. Мәселен, дүниеге келген нәрестені қазақ халқы бесікке салады, бала аяғын апыл-тапыл басқан шақта тұсауын кеседі. Өзбек ұлты да осындай салтқа бай. Ортаға жиналған өзбек ұлтының аналары осы күні кішкентай немерелерін бесікке салып, бүлдіршіндердің тұсауын  ала жіппен кеседі. Ала жіпті таңдаған себебі, балам адал болсын, ешкімнің ала жібін аттамасын деген ырым. Мұндай ырымдар қазақ халқында да бар екені анық.

Бауырына қысып, төс түйістіріп  бірге өмір сүріп жатқан  екі ұлыстың ырым-тыйымдары, салт-жоралғылары да   бірдей.  Құда түсу, сырға салу, қыз ұзату тойларында да ұқсастық бар. Қызға берілер қалыңмал да қомақты,  үйлену тойының да жөн-жоралғысы да  ұқсас.

Шымкент қаласындағы №105 Мухумий  атындағы  жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегіорынбасары Ескендір Баликов былай дейді:-Қазақ секілді өзбек халқында құрсағы құтты, көп бала тапқан аналарымыз көп. Оларға көрсетер құрметтің орны бөлек.

Клара Артықметова, «Күміс той» иесі:  -Отағасы екеуміз отбасында қанша баланы өсіріп ержеткіздік. Азамат ғылып қатарға қостық. Міне,  қоғамға, елге  еткен еңбегіміздің арқасы шығар, ұжым болып,бір қауым ел болып  біздің  күміс тойымызды атап өтіп, төрге шығарып жатыр. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дейді қазақ халқында. Қазақ ежелден «өзбек өз ағам» деп, ізгілікті, ілтипатты насихаттаған халық емеспіз бе? – дегенді айтты.

Өзбек этномәдени орталығы 1990 жылы Шымкент қаласында құрылды. Өзбек этносының өкілдері өңіріміздегі барлық салаларда аянбай еңбек етіп, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Өңірімізде «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Офарин», «Лапар» конкурстары, «Достық дастарханы» фестивалін өткізу дәстүрге айналған.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444