Еңбек ептілікті сүйеді

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Қазақстандағы әр түрді этнос  өкілдері арасында ерекше есімдерді тауып, олардың еңбеккорлығын, ізденімпаздығын паш ету мақсатында мақаламызға кейіпкер етіп отырмыз. Шымкент қаласында күнделікті тұрмыста қолданатын Зияш ана жиһаздар дүкені жұмыс істейді. Осындағы орындықтарды жасайтын шебердің бірі – өзбек ұлтының өкілі Шухрат Гуламов. 

Шухрат цехта қарапайым жұмысшы. Ағаш тасып, ертелі-кеш ұсталарға көмектесіп, қажет жерде дайын жүкті артып тыным таппайды. «Еңбек ептілікті сүйеді», Шухрат ерінбей-жалықпай, әрбір іске ыждағаттылықпен қарайтын жан. Шеберді шеге қағысынан таны деген, оның ұсталыққа икемді екенін байқап қалған басшылық мұнан бұлай енді жауапты жұмыстарды сеніп тапсырып, тыңғылықтығына иек арта бастады.

Расында, өнерліге қашанда есік ашық ғой, жұмыс орнына қайта келіп жайғасқан Шухрат бұрынғыдан белсене кірісті. Өзінің машықтанған станоктарында ағаш жонып, үстел мен орындықтардың өлшемін алып, сәйкесетін тұсын туралап, желімін жапсырып, қалайда тұтынушыға сапалы тауар ұсынудың қамымен жүр. Бірте-бірте білгендерін қасындағы жұмысшыларға үйретіп, өзі де сол команданың басқарушысы болып шыға келгенін байқаған жоқ.

Шухрат сөзден гөрі істі жақсы көреді. «Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын» деген мақал дәл Шухратқа қарап айтылғандай. Сөзге жоқ біртоға болғанмен, іске мығым. Мұнда кеңсе жиһаздары, асхана үстелдері мен орындықтары жасалады. Ағаштар Ресейден, өзіміздің Қостанайдан әкелінеді екен. Көбінде қарағай ағаштары. Орындықтардың бағасы ағаш түріне, яғни сапасына байланысты. Кейбірі сегіз мың, он мың теңгенің төңірегінде, енді бірі төрт мың, алты мың теңгенің айналасында. Орындыққа тұтатын мата, желім, тағы басқа жұмсалатын материалға қарап, баға қойылады. Негізі материал – ағаш. Расын айтқанда, қымбат тауар. Мұндағы жиһаздар тек ағаштың өзінен жасалады. Бұл өнімнің мықтылығын білдіреді.

Сапалы болғандықтан шығар, қазір кәсіпорынның орындықтарын еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен әкетеді. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Орал, өзіміздің Шымкент қаласында арнайы делдал дүкендер орналасқан. Бағасы цех бағасынан тым алшақ емес. Үстел мен орындықтардың түрлері күннен күнге көбейіп келеді. Сыртқы әрлеу дизайндары да көзге тартымды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444