Мартемьянова Татьяна — фоам-флористка
«Қазақстан біздің ортақ шаңырағымыз, ондағы тұрып жатқан этнос өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдіріп, алғыс айтары сөзсіз. Бүгінгі Қазақстан Халқы Ассамблеясына 25 жылдығы баршамызға құтты болсын» дейді славян ұлтының өкілі Мартемьянова Татьяна. Татьяна қолөнер шебері. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына арнап өткізілген көрмеге қолөнер шебері ретінде қатысқан болатын. Онымен тілдесудің сәті түсіп, әңгімеге тарттық.
Мартемьянова Татьяна — фоам-флористка
Гүл – сұлулықтың символы. Әлемді гүлсіз елестету мүмкін емес. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінде гүлдің екі жүз жетпіс мыңнан аса түрлері бар екен. Білсеңіз гүлдерден композиция жасап шығару, мерекеге сай гүл шоғын безендіру өнері – флористерге тән. Татьяна Мартемьянова – фоам-флорист. Фоам-флорист деген кім? Кішкене тарқатып айта кетейікші. Соңғы кезде біздің өмірімізде фоамиран материалы тұрмыстық қолданысқа ене бастады. Бұл материалдардан әр түрлі пішінде жасанды гүлдер жасап шығаруға болады. Соңғы кезде фоамираннан жасалған гүлдер сәнге айналды. Біржағы кәсіп көзі десе болады. Татьяна фоам-флористикамен бірнеше жылдан бері айналысып келеді, ол өз өнерінен ләззат алады және оны қыздарына үйретеді. Татьяна бұл күнде сүйікті жар және көпбалалы ана.