ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАНДАРҒА ШЫМКЕНТТІК ҚҰТҚАРУШЫЛАР КӨМЕКТЕСТІ
Күн райының бұзылуына байланысты кешегі демалыс күндері Алматы — Шымкент жолының 593-632 шақырымында көліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы жабылды. Боран мен бұрқасын салдарынан көру қиындап кеткен.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан көліктерді құтқару жұмыстарына, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары ат салысып, құтқару жұмыстарын жұргізді.
Атап айтар болсақ, Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылына қалалық төтенше жағдай департаментіне қарасты Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары мекемесінен 9 қызметкер мен 3 техника (2 «Урал» вахталық машинасы және 1 Трэкол) жолға шықты.
21-22 желтоқсан күндері Шақпақ баба асуында құтқару жұмыстары жүргізіліп, 12 техника қар үйінділерінен тазартылған жерге шығарылды, 16 адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, 66 адам вахта машинасында жылынып алды.
22-23 желтоқсан күндері Бәйдібек ауданы бағыты бойынша көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді. Мұнда да қызметте болған құтқарушылар Алмалы ауыл округінің Бәйдібек елдімекенінен 44 жастағы әйел мен 1 жасар сәбиді 35 км қашықтықтағы жылыту пунктіне дейін жеткізді, сол жерде жедел медициналық жәрдем күтіп алды. Қазіргі уақытта науқастар Шаян елдімекеніндегі ауруханаға жеткізілген және дәрігерлердің бақылауында.