Білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті
Шымкентте «Инновация мен кәсіпкерлік – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және «Кәсіпқор» Холдингі ұйымдастырған семинар-практикумда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында инновациялық технологияларды енгізу және іске асыру тәжірибесін жалпылау мәселелері сөз болды. Сондай–ақ, білім беру және бизнестің интеграциясы негізінде ТжКОБ ұйымдары мен жетекші компаниялардың озық тәжірибесін тарату жағы талқыланды. Семинар-практикумға еліміздегі барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім беру басқармаларының өкілдері, бөлімдер мен орталықтардың қызметкерлері, ТжКОБ ұйымдарының басшылары мен педагогикалық қызметкерлері, сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы», «Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму» АҚ басшылығы мен 200-ге тарта колледж оқытушысы қатысты. Басқосуда ТжКОБ ұйымдарында модульдік-құзіреттілік тәсілдеме негізінде өзектендірілген білім беру бағдарламаларын енгізу тәжірибесі, IT-технологияларды оқу үрдісіне енгізу және WorldSkills стандарттарын ТжКОБ жүйесіне бейімдеу бойынша тиімді шаралары қарастырылады. Қазақстанның ТжКОБ ұйымдарында кәсіпкерлік қызметін енгізу тәжірибесі, ТжКОБ сапасын арттырудағы халықаралық ынтымақтастық пен әлеуметтік серіктестіктің тиімділігінің мысалдары, ТжКОБ жүйесі инженерлік-педагогикалық кадрлары қызметтерінің тиімділігін арттыру мақсатында арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда кәсіби құзіреттіліктерін жетілдіру жағы талқыланды.
«Семинар-практикумның секциялық жұмысында колледжде кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру, WorldSkills қозғалысын дамыту жағын қарастырамыз. Сондай–ақ, IT технологияларын қолданудың әлеуетті мүмкіндіктерін қарастыру мен ағылшын тілін өз бетінше үйрену үшін интернет-ресурстарды қолдану әдістерін талқылау бойынша шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді «Кәсіпқор» Холдингі Оқу тренингтік орталығының директоры Нұрдәулет Жанайдаров.
Шымкент қалалық білім басқармасы