Шымкентте 17 этно-мәдени бірлестік ынтымақтастықпен жұмыс істейді
Шымкентте қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Қала басшысы алдымен 11 этно-мәдени бірлестіктің жеке кәсіпкерлерінің көрмесімен танысып шықты. Ал салтанатты жиында Ерлан Қуанышұлы құттықтау лебізін жеткізді:
— Бұл — барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпы халықтық мерекеге айналған күн. Осы күннің Тұңғыш Президент күні ретінде таңдалып алуының өзіндік себебі бар. Осының барлығы Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлігінің, сарабдал саясатының жемісі. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент бүгінде жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі мегаполистерінің бірі. Қаламыздағы 17 этно-мәдени бірлестік ел игілігіне бағытталған оңды бастамаларға қолдау көрсетіп, берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды еселеп келеді. Бүгінгі көрме де соның айғағы, — деді Е. Айтаханов.
Іс-шара барысында Елбасы сүйіп тыңдайтын әндер мен дәстүрлі әндер, патриоттық әндер шеруі болды, «Өнер» мектебінің солистері мен хор ұжымы тамаша туындыларды орындаса, «Қазына» би ансамблі биден шашу шашты. «Мейір» балет мектебінің бишілері «Штраус» балетін орындады. Танымал эстрада әншісі Ғазизхан Шекербеков те өзінің ән қоржынындағы «Аға» әнін орындады.
Салтанатты жиын барысында өз саласында жетістікке жеткен бірқатар сала мамандарына қала әкімінің Алғыс хаты табысталды. Олардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының курстасы Аманәлі Әбдіраманов та бар.
(с) Мөлдір Кенжебай