Шымкентте үш тілді жетік меңгерген жастар арасында республикалық олимпиада өтті
Бүгін Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған Үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тілдарын» республикалық олимпиадасы өтті.
Олимпиаданың басты мақсаты: үш тілді, яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды қолдау, ынталандыру, сол арқылы өзге жастардың талаптануына мүмкіндік жасау. Тағы бір міндет, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, қажеттілігін арттыру болып табылады.
«Тілдарын» республикалық олимпиадасына еліміздің әр облысынан келген жас дарындар қатысты.
Олимпиада 4 кезеңді қамтыды . Бірінші — экранда көрсетілген мәтін, картина немесе видеоның мазмұнын толық ашу; екінші — мәтінге ілеспе аударма жасау; үшінші — тыңдалым (ҚАЗТЕСТ жүйесінің В2 деңгейі бойынша тест тапсырмаларын орындау); төртінші — тақырып бойынша эссе жазу.
Жүзден жүйрік, оннан озық шыққан олимпиада жеңімпаздары дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.