Жылына 300-ден астам науқасқа жүрек аритмиясы бойынша оталар жасалады
Тұрғындарға ұсынылатын медициналық қызметтің сапасы, денсаулық сақтау ұйымдарының қазіргі ахуалы және саладағы өзекті мәселелер Шымкент қаласы әкімдігінің тұрақты бақылауына алынған. Соның бірегейі денсаулық сақтау мекемесінің бірі Шымкент қалалық кардиологиялық орталығы. Бұл орталық жедел миокард инфарктісі кезінде шұғыл медициналық көмекті аймақтандыру жүйесі негізінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тұрғындарына қызмет көрсететін бірегей денсаулық сактау ұйымы болып табылады.
Мұнда жылына орташа есеппен 300-ден астам науқасқа жүрек аритмиясы бойынша хирургиялық оталар жасалады. Мегаполис пен Түркістан өңірінің халық саны 3 миллион тұрғыннан асатынын ескерсек, жүрек ырғағының бұзылуына байланысты хирургиялық ота жасау қажеттілігі жылына кемі 3 мың операцияны құрайды.
Жақында Шымкент қаласында V Халықаралық аритмологтар мектебінің ашылу салтанаты өтті. Сол күнгі конференцияға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам кардиолог-мамандар, Германия, Польша, Түркия, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген жетекші аритмологтар қатысты.