ШЫМКЕНТТЕ ДӘСТҮРЛІ ПАЛАУ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Қаламызда 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан «Достық дастарханы» фестиваліне елімізден және көршілес елдерден 40-қа жуық аспаз қатысып, палау әзірлеуден шеберліктерін көрсетті. Фестивалге өзбек, орыс, татар, ұйғыр этносының өкілдері белсене қатысты.
Іс-шараны Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы мен Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе ұйымдастырды.
Салтанатты шарада Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов көпшілік әр жылы асыға күтетін фестивалдің маңыздылығын айтып, халқымыз үшін қашанда береке-бірліктің басы саналатын дастарханның қасиетіне тоқталды.
— Біз үшін дастархан киелі ұғым, ол – берекенің басы. Ұлттық мәдениеттің өзегі болған осы қасиетті құрметтеу бағытында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын «Қазақ дастарханы», «Достық дастарханы» сынды жобаларды табысты іске асырып келеді. Ал, бүгінгі фестивалдің береке-бірлігімізді нығайтудағы орны бөлек. Ал, бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды міндет, — деді М. Қалмұратов.
Сондай-ақ, іс-шарада ішкі істер саласының ардагері, генерал-майор Молдияр Оразалиев, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахиржон Хакимбеков құттықтау сөз сөйлеп, достық пен татулықты насихат ететiн мұндай байқаулардың берерi мол екендiгiн алға тартты.
Байқау шарты бойынша тағамның дәмі, аспаздың асты ерекше дайыну тәсілі, безендіруі назарға алынды.
Бір емес, бірден 38 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасы жеңімпаздың есімін атады. Бірінші орынды шымкенттік аспаз Фархат Исраилов жеңіп алды. Өзге қатысушылар да диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі