Ботакөз Ерназарова: «ЕҢ БАСТЫСЫ КЕШІРІМДІ БОЛА БІЛУІҢ КЕРЕК»
Қазіргі біздің қазақ келіншектерінің ішінде үлгі ретінде көрсете алатындай, алтын құрсақты ана, табыс таба алатын іскер, отбасы татулығын сақтай алған ханымдар мен ханшайымдар, Аллаға шүкір, баршылық. Соңғы кездері қыз-келіншектеріміз түрлі тренингтерге қатысып, бала тәрбиесімен бірге үйдегі ер-азаматының бабын жасай білу, ененің тілін табу, әулетке құрмет көрсету жөнінде түрлі кеңестер, бағыт-бағдар беретін психологиялық оқыту, дамыту курстарына жазылып, онлайн сабақ алып, ізденіп, ілгері басып жүргендеріне куәміз.
Иә, расында әйелзатына артылар жүк көп. Шаңырақтың басты асыраушысы отағасы. Дегенмен, ошақ басында балалы болдым деп отырып қалмай, ер-азаматымен бірге теңге тауып заманға сай ілесіп келе жатқан бүгінгі біздің кейіпкеріміздің бірі — Ботакөз Сейфуллинқызы Ерназарованы таныстыра кетейік.
Тамыз айы Ботакөз үшін нағыз қарбалас кезең. Өйткені, ол еліміздің көптеген қалаларына, ондағы мектептерге оқушы формасын жеткізіп береді. Әлбетте, бес баласы бар ана үшін бұл оңай жұмыс емес. Мұндай жағдайда өмірлік серігі, балаларының әкесі көмекке келеді. Сол себепті, мұны отбасылық кәсіп десе болады. Мемлекетке алақан жайып отырмай, өз арбаларын сүйреп, кәсібін нәсіпке айналдыра білген ерлі-зайыптыларға дән риза боласыз. Бұл күндері істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп кету екінің бірінің қолынан келе қоймас. Ал, Ботакөзді бұл баспалдақтарға алып келген өзінің бала кездегі алғыр мінезі еді.
Қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елдімекенінде дүниеге келген қаршадай қыз кішкентайынан елгезек болып өсті. Әкесі ағаш ұстасы, ал анасы зейнетақы төлеу орталығында жұмыс істейтін. Тұңғыштары Ботакөз болған соң, ата-анасы да оған үлкен үміт артты. Өйткені, үйдегі балалар үлкеніне қарап өседі емес пе? Ботакөз екі сіңлісі мен інісіне жанашыр әпке болып ғана қоймай, мектептің мақтанышы болды. Түрлі жарыстарда, пәндік олимпиадаларда бой көрсетіп, жүлдеге ие болды. Информатикадан облыс деңгейіндегі олимпиадаларда үнемі 1-2-3 орындардан көрінген намысқой озат Ботакөз халықаралық жарыстарға жолдама да алды. Облыстың атын қорғап, республикалық ғылыми зерттеу конференциясында ағылшын тілінде жобасын таныстырып, қола медель алған ол өзі оқыған Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияны Алтын белгіге бітірді.
Ботакөздің жүрек түкпірінде сот болсам деген арман бұғып жататын. Мектеп қабырғасынан соң, өзі қалаған мамандық бойынша оқығысы келген. Алайда, көпті көрген аға-апаларын тыңдайтын тәрбиелі қыз басқа саланы таңдады. Ару қала Алматыда Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих, экономика, құқық факультетіне оқуға грант арқылы түсіп, оны да қызыл дипломмен тәмамдады.
Көзіқарақты оқырман байқаған болар, Ботакөз жеңістің дәмін сонау бала кезден татып, жетістіктің баспалдағын да сол шақтан қалаған екен. 2005 жылы Астанаға тұрмысқа шыққан бойжеткен қол қусырып қарап отыра алмады. Жұбайы оңтүстіктің, соның ішінде Қазығұрттың тумасы, өсіп-өнген жер. Жолдасы қаржы полициясында жұмыс істесе, сол жылы Ботакөз Еуразия университетінде лаборант болып маңдайалды еңбек етуді бастады. Жұмыста да қабілетімен көзге түсе білген жас маман 2007 жылдары Астана тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Руханият» тілдерді дамыту орталығына ұстаз болып жұмысқа орналасты. Ол мұнда лауазымды мемлекеттік қызметкерлерді – басқарма, департамент, әкімдік қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беріп, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу ісін үйретті. Ботакөз мұнымен тоқталып қалмады, әрі қарай ізденіп, 2008 жылы Қазақ ұлттық мұнай компаниясына тест арқылы мүдірмей өтіп, табысты жұмысқа қабылданды. Қосымша «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде сабақ берді. Осы жылдар аралығында Ботакөз бөпелі болды, дүниеге перзент әкелді, ардақты ана атанды. Мұнан кейінгі жылдары да, Алланың қалауымен бірінен –соң бірі сәби сүйді. Алайда, бәріне сақадай сай, жан-жақты қызметі мен үйіне үлгеріп үйренген елгезек келіншек мұнымен шектеліп қала алмады, жолдасы екеуі мемлекеттік тапсырыс арқылы мектеп оқушыларын бірыңғай формамен қамтамасыз етуге көшті. Қазіргі таңда Астана, Қарағанды, Петропавл, Көкшетеу, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы мектеп ұстаздары мен оқушыларына формалық киім жеткізіп береді.
- Түркия елімен серіктеспіз, инвесторларымыз бар. Мектептен бөлек, қазақ-түрік лицейлері мен үш тілді «Дарын» мектептерін де қамтимыз, — деген еді әңгіме үстінде Ботакөз. Жолдасы екеуі көбіне-көп іссапарларда жүреді. Әйтсе де, қолдары қалт етсе, сенбі-жексенбі күндері екеуі де балаларының қасында болып, бірге тамақтанғанды, серуенге, саяхатқа шыққанды жандары қалап тұрады. Бар қызығы да,ертеңгі үміт артары да осы балалары үшін… Балапандары үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген жоқ па?
- Балаңа салған қаржы еш кетпейді, балаларымыздың оқуына, қосымша үйірмелеріне ақша аямауға тырысамыз. Өздерін жан-жақты білімді, дамыту жолында іздене білсе, біз әрқашан бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерімізді айтуға дайынбыз, — дейді олар. Қазір екі қыз, ұш ұлы бар Ботакөздің балалары расында оқуда озат. Көбінде «Балапан» арнасының «Аспаз мектебі» бағдарламасына, «Бетпе-бет», «Бүгін жексенбі» бағдарламасына қатысқан.
-Ботакөз, отбасы татулығын сақтау үшін не керек? Қалай ойлайсыз? – деген сұрағыма, ол:
-Ең бастысы — кешірімді болу, екі жақ туыстарын бөлектемеу, ондай қатынас көбіне әйелге байланысты, ерін сыйласа, туыстарын өз туғанындай көре білсе, барды қадірлеп, жоққа сабыр етіп шыдап, жоғын бар етіп, барын базар ететін әйел. Сондықтан, отбасы берекесі әйелге байланысты, баланың тәрбиесіне әкесінің рөлі де үлкен, әкесінен аяқ тартып, сыйлап өскен бала тәрбиелі болады деп ойлаймын, — деп жауап берді.
— Ал, өзімнен кейінгі сіңлілеріме айтарым, инабаттылық, имандылық қасиеттерді бойларына сіңіре білсе, терең білім алып, үлкендерді сыйласа ешуақытта ұтылмайды. Сабырлық, шыдамдылық, бір-бірін сыйлау, үнемі жақсы нәрсеге ұмтылып, келешекке деген үміт, оптимист болу, үй қабырғасын тең ұстау үшін ер азаматтың жағдайын жасау керек, — дейді біздің кейіпкеріміз. Бұл қасиеттердің барлығы Ботаның өз бойынан табылады. Сондықтан да, ол бір отбасын ұйытып отырған отана. Біз оған мұнан да биік жетістіктерді бағындыруды тілейміз.
Құралай АХМЕТОВА