АСТАНАДА «БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ» АТТЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі аясында 26 маусым күні Астана қаласында дүниежүзілік конференция өтті. Аталмыш конференция «Туризм және болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» тақырыбына арналып, жалпы көмірқышқыл газының табиғаттағы бөлінісін азайту жайында мәселе қаралды.
Дүниежізілік конференция алдында дәл осы тақырыпта форум ұйымдастырылған болатын, форумның басты мақсаты — EXPO-2017 көрмесіне арналған стратегиялық контентті даярлау, яғни, оның ішкі мазмұнын барынша толтыру. «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында кең ауқымды әрі тұрақты халықаралық диалог ашу. Форумға энергетика саласының 500-ден астам жетекші сарапшысы, ғалымдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) бас хатшысы Талеб Рифаи конференцияның модераторы қызметін атқарса, отырыстың ресми бөлігін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин ашты.
«Туризмдегі тұрақты көлік және ұтқырлық» тақырыбындағы бірінші сессияның спикері ретінде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев көлік секторындағы трансформация туралы баяндап, жеткен жетістіктер мен алдағы алар асулар жайлы тілге тиек етті. Азаматтық авиация комитетінің басшысы Қазақстанда ұшу географиясын кеңейту, жаңа бағыттар ашу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы, оның ішінде ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде «ашық аспан» режімі енгізілгенін атап өтті.
Айта кетейік, барлық шетелдік тасымалдаушылар үшін Астанаға аптасына 7 рейс ұшу құқығы ұсынылды, сондай-ақ Алматы және Астана әуежайлары арқылы транзитпен ұшатын Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режім енгізілген болатын. Бұл мемлекет арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын арттыру үшін жеңілдетілген визалық режімді одан әрі пайдалану және транзиттік жолаушылар санын ұлғайту бойынша талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы сессия мүшелері жасыл технологиялар арқасында авиация анағұрлым экологиялық және қолайлы болады деген пікір білдірді. Болашақта экологиялық технологиялар авиацияны жақсартуға мүмкіндік береді және оны қоршаған орта үшін қауіпсіз етеді.