Жаңажылдық отшашулар сататын базарлар мен дүкендерді жаппай тексеру басталды
Жаңа жыл жақындап келеді. Санаулы күннен соң қала көшелерінде отшашулар шашылып, пиротехникалық атқыштар көбейетіні жасырын емес. Халықтың қауіпсіздігін сақтау, ескерту төтенше жағдайлар мамандарының міндеті. Осыған орай Жамбыл облысы бойынша жаңажылдық отшашулар сататын базарлар мен дүкендерді жаппай тексеру басталды. Әсіресе, халық көп баратын орталық базар жіті тексерілді. «Отшашудың салдарынан көз жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар. Ақ халаттылардың айтуынша, бұған балақайлардың от шашуды дұрыс қолданбауы себеп болып отыр. Сондықтан да отшашуды пайдаланғанда мейлінше абай болып, мына қарапайым ережелерді есте сақтау керек, яғни жарылғыш затты қалтада алып жүруге, жаймалардан, көшеден пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға, адамға қарай атуға, аяқ астына лақтыруға, бетке жақын ұстауға болмайды. Жыл сайынғы мереке қарсаңында әр ауданның аудандық инспекторлары тапсырмаға сәйкес білім ордаларына барып түсіндірме сабақтарын, пиротехникалардан күйіп қалудың алдын алу шараларын жүргізеді. Облыс бойынша 19 базар мен жеті жүзден астам дүкендер бар. Қазір шаһарда түрлі отшашулар саудасы қызып тұр. «Тосыннан келген тексеру саудагерлерге ұнамаса да, төтенше жағдайдың алдын алуымыз керек», – дейді ішкі істер бөлімінің мамандары. Арнайы комиссия мүшелерінің айтуынша, рейд кезінде кедергілер де болады екен. Сатып тұрған заттарын тастай қашатындар бар. Пиротехникалық бұйымдарды ешқандай құжатсыз сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, отшашулары тәркіленеді. Бүгінгі тексеру кезінде «бенгал оттарын» сатуға рұқсаты құжаты жоқ бірнеше саудагер анықталды. Рейдке шыққан топ тұрғындарға үн-парақ таратып, отшашудан келер қауіп туралы да айтты. Әзірге, жарылғыш заттардан жарақат алу дерегі тіркелмеген. Егер заңсыздық орын алған жағдайда 25 ЕАК немесе 60125 айыппұл салынады. Мұндай рейдттер алдағы күндері де жалғасатын болады.