Фермерлердің мүддесі айтылды
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына орай, аудан әкімдігінде «Қазақстан фермерлер одағы Республикалық қоғамдық бірлестігі» Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен Сарысу ауданы фермерлерінің атқарған жұмыстары және алдағы уақытта алға қойған міндеттері туралы жиын өтті. Жиынды аудан әкімі Б.Нарбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Жиынға «Қазақстан фермерлер одағы Республикалық қоғамдық бірлестігі» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ж.Дайрабаев, ауылдық округ әкімдері және фермерлер қатысты. Басқосуда аудандық фермерлер одағының төрағасы А.Әлібеков аудандағы фермерлер одағының атқарған жұмыстары туралы» хабарлама жасап, егін шаруашылығы және мал шаруашылығы туралы жан-жақты тоқталды. Одан соң сөз алған «Қазақстан фермерлер одағы Республикалық қоғамдық бірлестігі» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ж.Дайрабаев аталмыш одақтың бағыттары мен міндеттеріне тоқталды.
-Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты фермерлердің және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қатысушыларының қызметін жүзеге асыру мен дамытуға ішкі және сыртқы нарықтардың тағам өнімдеріне, тау-арлар, жұмыстар мен қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, фермерлерді өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға шоғырландыру. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті дамытудың және қолдаудың мақсатты бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға ықпал ету. «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы және іс жүзінде жалғыз өкілі болып табылады. Сондықтан аудандық фермерлерінің басқосуында айтылған мәселелерді Үкіметке жеткізу өзіміздің міндетіміз,- деді. Аудандық фермерлер жиынында аудан әкімі Б.Нарбаев:
– Біздің Сарысу ауданында негізінен экономиканы алға сүйреуші, ауыл шаруашылығы, өндіріс пен құрылыс саласы. Ауыл шаруашылығы саласы ең күрделі саланың бірі. Мол өнім алу бұл-ізденістің, жерге деген ерекше көзқарастың, оның құнарлылығын арттыру мақсатындағы шаралардың уақытылы жасалғандығының арқасы. Жерді бос қалдырмау, сондай-ақ тиісті мақсатқа тиімді пайдаланып, оның құнарлылығын сақтау шараларына баса назар аудару керек. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер иеліктеріндегі жердің құнарлылығын арттырып, тиісті мақсатқа әрі тиімді пайдаланулары тиіс. Олай етпеген жағдайда, заңнама талаптарына сай, жерді пайдалану құқығынан айырылады,-деп қатаң ескертті. Сондай-ақ, жастарды ауыл шаруашылық саласына тарту, оқыту жайлы айтып өтті. Жалға жұмыс атқаратын жұмысшылар мен шопандардың денсаулығы мен медициналық сақтандыруды жолға қою, ауыл шаруашылық саласында атқарылған жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау мәселелері де аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Жиын барысында бірқатар шаруа қожалық төрағалары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Басқосу соңында облыстық, республикалық форумға қатысушы делегаттар сайланды.