Ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

 
Шу ауданында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Алғаш сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Ә.Ә.Балқыбеков жұртшылық өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың он айында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы жылға жоспарланған маңызды міндеттерді атап өтті. Нақты айтар болсақ, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласына тартылған қаражат көлемін жекелей мәлімдеп, қаржылық өсім көлемін де назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ, аудандағы егістік жер көлемі, оның пайдалану көрсеткіші, ауыл шаруашылығы дақылдарынан түскен өнім көлемі, қант қызылшасын өсіру жұмысы, минералды тыңайтқыштар, ауылшаруашылық техникалары, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тыныс-тіршілігі, көкөніс кластерін дамыту, өсімдіктерді қорғау, егістіктерді сумен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, ветеринариялық қызмет, тағы басқа өзекті мәселелер бойынша жан-жақты мәлімдеді.

-Биыл ауданымыздың ауыл шаурашылығы саласына 1 млрд. 167 млн. 841 мың теңге қаражат тартылды. Оның ішінде «Қаз Агро қаржы» АҚ арқылы 37 млн. 648 мың, «Шу несие серіктестігі» ЖШС арқылы 193 млн. 157 мың, «Шу микроқаржы» ұйымы арқылы 92 млн., «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 81,9 млн., «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша бірнеше ұйымдар арқылы 393 млн. 100 мың теңге, шаруашылықтардың өз қаржысына ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсаған қаржылары 370 млн. 36 мың теңге. Осы қаражатты салыстырмалы түрде айтар болсақ, тартылған қаражаттың 31 пайызын шаруашылықтар өз есебінен жүргізген. Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде ауылшаруашылық саласында 10 айдың қорытындысымен 40  млрд. 647 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Мұның барлығы жергілікті ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің қаржылық жағдайының жылдан жылға артып келе жатқандығын көрсетеді,-деді өз сөзінде Әлихан Әбләшұлы.

Сондай-ақ, қант қызылшасын өсіру мәселесіне де ерекше тоқталып, биылғы жылы қызылша өнімінің төмен болу себептерін мәлімдеп, соған қарамастан бұл бағытта лайықты жұмыс жасаған шарушылықтарды атап, оларды өзгелерге үлгі етті.

Ауылшаруашылық саласындағы жаңашылдықтар да назардан тыс қалмады. Мысалы, өз жұмысын жаңадан бастап, қант қызылшасын өсіруді  мақсат етіп отырған «Қызылша» ЖШС бүгін де ауқымды жұмыстарға дайындық үстінде. Сондықтан, келесі жылы бұл бойынша шаруалар жақсы өнімге қол жеткізуге тырысады деген сенімін білдірді. Қазіргі уақытта жергілікті шаруалардың арахис, нут дақылдарын егуді қолға алғандығын да көпшілікке жеткізіп, өзгелерді де жаңашылдыққа ұмтылуға және барлық шаруаларды қант қызылшасы мен мақсары өсіруге көбірек көңіл бөлуге шақырды. Сөзінің соңында барша ауылшаруашылығы саласы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен тағы да құттықтап, еңбектеріне толағай табыстар тіледі.

Салтанатты сәтте Ә.Балқыбеков ауыл шаруашылығы саласына сіңірген елеулі еңбегі мен қол жеткізген оң нәтижелері үшін аудандық фермерлер одағының төрағасы М.Жұмағұловты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, өзге де бірқатар сала қызметкерлері мен еңбеккерлерін облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.  Сонымен қатар, ауданымыздың ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан еселі еңбектері үшін көптеген ауыл еңбеккерлері мен мекеме қызметкерлеріне бағалы сыйлықтардың сертификаттарын  салтанатты түрде табыс етті.

Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Әліпбаев партияның бағдарламалық мақсат-міндеттерін орындауға қосқан үлесі үшін және кәсіби мерекеге орай, бірнеше жерлесімізді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен марапаттаса, аудандық мәслихат депутаты І.Тортаев алдыңғы қатарлы азаматтарға Шу ауданының Құрмет грамотасын табыстады.

Жиын барысында сөз сөйлеген «Шу несие серіктестігі» ЖШС басшысы Е.Досымбаев осы саладағы қант қызылшасының маңыздылығын, бұл бағытта  бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін, жерді тиімді пайдаланудың алғышарттарын айта келіп, мерекелік жылы лебізін білдірді. Салтанатты жиын соңы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444