Германия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ерекше сипатқа ие
ЭКСПО-дағы Германия павильоны «Тура жолдағы энергия» деп аталады. 1700 шаршы метрлік аумақты қамтитын Германия павильонында болашақтың қаласы мен болашақтың картасы деп аталатын көрме залдары орналасады. Сондай-ақ тән мен жан энергиясы деп аталатын мейрамханада неміс тағамдары мен сусындары ұсынылмақ. Ал ең қызықтысы «энергетикалық шоу» залы болмақ. Онда көз тартар тамаша энергетикалық шоу ұйымдастырылады. Германия павильонында сексеннен астам адам жұмыс істемек. Олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтары. Неміс павильоны сағатына 400 адамға дейін емін-еркін қабылдай алады. Рольф Мафаэль, Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
— Қазақстанда 180 мыңға жуық этникалық немістер тұрады. Бұл Қазақстан халқының бір пайызға жуығын құрайды. Орта Азиядағы сауда саттықтың 80 пайызын сіздердің елмен жүргіземіз. Сондықтан да Германия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ерекше сипатқа ие. Сол себепті көрмеге Германиядан келушілер көп болады деп ойлаймын.
Сонымен 12 шілде Германияның ұлттық expо күні болып жарияланды. Сонымен қатар, Германия өнертапқыштары ЭКСПО-2017 көрмесіне электрдің тартылыс күші арқылы қозғалатын жаңа көлік түрін ұсынбақшы. Электромобильдер арасында ұйымдастырылатын «Формула Е» жарысына арналған бұл көлік Германияның павильонында менмұндалап тұратын болады. Павильонның креативтік директоры Андреас Хорбельттің айтуынша, бұл автомобильдер көлік өндірісіндегі тың бағыт болып саналады. Қоршаған ортаға әсері жөнінен де аса зиянсыз қозғалыс ретінде мойындалып келеді. Германия павильонында бұдан бөлек электр жетекті, қосдөңгелекті көліктер қойылады. Ал «Болашақтың қаласы» кешенінде балдырдан қуат өндіретін «ақылды үйлердің» жобасы көрсетіледі.
EXPО – əлемнің түкпір-түкпіріндегі туристер ғана емес, шетелдік журналистер мен іскер топ өкілдері үшін де маңызды сәт. Knauf, Deutsche Bank, BASF сияқты жетекші компаниялардың басшылары Қазақстанға ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысады. Кездесу EXPО аумағында өтеді. Бизнесмендер Астана инвестиция тарту орталығы жəне əлемнің түкпір-түкпірінен озық технологияларды көрсететін инвестициялық алаңға айналды деп отыр. Петер Тильс, Deutsche Bank-тың атқарушы директоры: – EXPО – Қазақстанның қаншалықты дамығанын жəне соңғы жылдары қандай жетістіктерге жеткенін көрсететін жоғары қуатты құрал. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен түрлі елдердегі серіктестер үшін сенімді бизнес алаңына айналды. Мен қазақ-неміс бизнес іскерлік кеңесін құрғанымызға мақтанамын. Бізбен бірге Қазақстанда инвестиция жасағысы келетін бірнеше компания келеді. Мен бұл апта біз үшін өте қызықты жəне жемісті болады деп санаймын. Туристер нөпірі, сондай-ақ Германия кəсіпкерлерінің іссапарлары келесі айда да көбейетін түрі бар. Неміс халқы мұнда өз мəдениетін таныстырып қана қоймай, баламалы энергетика саласындағы ноу-хауын ұсынбақ.