Халықты жаппай кәсіппен айналысуға жұмылдыру басты мақсат болып отыр

2018 жылдың 5 қазанында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауы жарияланды. Елбасы бұл Жолдауында: «…Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық» — деп ширек ғасырдан астам уақытты артта қалдырған Тәуелсіз мемлекетіміз үшін сындарлы сәттің бір белесінде жеткен жетістіктерге айрықша тоқталып өтті.

Алты бағыттан тұратын бұл саяси құжат қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталады. Бүкіл құжатты үйлесімді түрде байланыстырып жатқан басты басымдық — қазақстандықтардың əл-ауқатын өсіру. Кең саяси-экономикалық айналымға тұңғыш рет «қолма-қол ақшасыз экономика» ұғымын енгізе отырып, Мемлекет басшысы халықтың əл-ауқатының басты факторы ретінде жалақыны өсіруге баса назар аударды.

Сонымен қатар адамның даму мәселесі халық табысының өсуіне негізделіп, өз кәсібін жақсы меңгерген азаматтарға қолдау қарқын алып, халықты жаппай кәсіппен айналысуға жұмылдыру басты мақсат болып отыр. Осы мақсатты түбегейлі жүзеге асыруда Түркістан қаласында бизнесті өркендетудің тұрақты көздері қарастырылып, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудің нақты тетіктері жасалуда. Елбасымыз айтқан отандық кәсіпорындарымызға қолдау танытып, көмектесу қажеттігін жүзеге асыруда басты орында тұр.

Сонымен бірге Елбасымыз тұрмыс сапасын арттыруға айрықша тоқталып өтті. Осы бағытта білім, ғылым, денсаулық сақтау саласына қаражатты көбейтуді тапсырды. Ең бастысы, келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін қадап айтты. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін еске сала отырып, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігіне тоқталды.

Ауылдық жерде медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі туралы айтылды. Осы бағытта учаскелік дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға арттыруды жеткізді. Медициналық құжаттардың қағазсыз, толықтай цифрлық түрде жүргізілуін алдағы жылдың қаңтарына межелесе, халықтың электронды денсаулық паспортын жасақтау арқылы, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта Түркістан қалалық емханасында да және бірқатар қалалық ауруханалар электрондық жүйеге көшудің алғы шарттарын игеріп отыр деуге келеді.

Жолдауда басымдық берілген тағы бір маңызды мәселе халық күнделікті тұтынатын заттардың номенклатурасы анықталып, «қарапайым заттар экономикасы» отандық өнімдермен, ең алдымен жергілікті жерден шығып жатқан сапалы тауарлармен толықтыру басты орында болып отыр. Елбасы бұл тұста ел сапалы азық-түлікті қолдануы тиіс дегенді бағамдады.

Елбасы Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруды да ұмытқан жоқ. Бүгінде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру және Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасын жүйелі жолға қою өңіріміз үшін әсіресе жаңа облыстың орталығы болған Түркістан қаласы үшін де маңыздылығы басым.

Мәселен, өткен жылдың өзінде «Отырар» мөлтек ауданы бой көтеріп, 600-ден астам отбасы баспаналы болса, биылғы жылы аталған мөлтек ауданнан 20 үй салу жопарланған болатын. Қазіргі таңда 11 үйдің құрылысы басталып та кетті. Яғни бұл 20 үйдің құрылысы межеленген уақытта бітіп, қаламыздың 1200 отбасы баспанамен қамтылатын болады. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі механизмдері қолға алынуда.

Елбасы Жолдауы — түркістандықтар үшін де жаңа белеске жетелейтін құнды құжат; қаламыздың кемел келешегін бағдарлайтын, әсіресе халықаралық деңгейде киелі шаһарымыздың беделін асқақтатып көрсететін негіз дер едім. Сонымен бірге күні кеше ғана іргесі бекіген Түркістан облысы дамуының жаңа көкжиектерін белгілейтін бағдарлық нысана. Мемлекет басшысы қайсыбір жиында болмасын барлық бағытта өз тарапынан барынша қолдау көрсетіп отырғандықтан, дәл қазір Түркістан дамудың даңғыл жолына түсті, халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді.

Елбасы бұл Жолдауында жүргізіліп жатқан әрбір реформаның мәні мен елімізді өркендету жолындағы маңызын барша халық жете түсінгенін қалайды. Осы орайда қазақстандық-тардың ортақ мақсатта жұмыла жұмыс жасауы өте маңызды екендігін де айтты. Елбасы Қазақстанды əлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосуды көздейді. Қазақстанның тек үлкен қалалары ғана емес, əр аймағының дамуына жағдай жасауы Мемлекет басшысының сарабдал саяси ұстанымының айқын көрінісі.

Әліпбек ӨСЕРБАЕВ,

Түркістан қаласының

әкімі.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444