МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫ — ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚОЗҒАЛТҚЫШЫ

Машина жасау өндіріс саласы ретінде Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациялаумен көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың негізінде құрылған болатын. Металлургиялық құрал-жабдық (Алматы), автоматты сығымдау (Шымкент), автокөлік қозғағыштарын (Петропавл), ауыл шаруашылық техникасын (Астана) шығаратын ірі зауыттар осылайша пайда болды.Соғыстан кейінгі жылдарда ондаған машина жасау зауыттары салына бастады. Аспап жасаудың, электротехникалық өнеркәсіптің, трактор жасаудың жаңа салалары пайда болды. Сонау жылдардан қалыптаса бастаған машина жасау саласы бүгінде Қазақстанның экономикалық дамуының маңызды қозғалтқышына айналды. Халықаралық мамандардың айтуынша, транспорт саласының дамуы ішкі жалпы өнім көлемінің артуына мүмкіндік жасайды. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығын жүзеге асыру барысында машина жасау еліміздегі ең қарқынды дамыған сала болды. Бұрын-соңды елімізде шығарылмаған жаңа жоғары технологиялы өнімдер пайда болды: локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, тікұшақтар, автокөліктер және т.с.с. Бүгінгі күні аталған саланы жан-жақты дамыту үшін жыл сайын «Қазақстан машина жасаушылары» форумын өткізу дәстүрге айналған. Өткен жылдың қыркүйек айында әлемнің 20 елінен 100-ден астам делегат қатысып, отандық машина жасау саласын дамыту туралы үлкен жиын өткен болатын. Бұл салада шетелдік майталман мамандармен тәжірибе алмасу біз үшін тиімді болмақ. Соңғы жылдары осы саладағы өндіріс көлемі аздап төмендеген деседі. Алайда, төмендеу қарқыны біртіндеп баяулап, бүгінде біршама өсім байқалып келеді. 2015 жылмен салыстырғанда негізгі өнім түрлеріндегі өндіріс көлемі аздап артқан. Мәселен, жүк автокөліктері, тіркемелі жүк вагондары, электрлі трансформаторлар мен конденсаторлар, талшықты оптикалық кабель және аккумулятор өндірісінде өсім бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444