Ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алуда

Мақтарал ауданында үздік шаруашылықтар көп. Қарқынды бау шаруашылығымен айналысатын «Аботя» шаруа қожалығында бүгінде мақта, жүзім, қауын қарбыз да өсіреді. Соңғы технология бойынша өнім өндіретін шаруашылық өнімін қайда өткіземін деп шаршамайды. Егіс басынан пышақ үстінен үлестіріп әкетеді. Әр күнді жылға азық санайтын шаруа бүгінде қызу еңбек үстінде. Күннің көзі жылт ете салысымен кетпенін күнге сүйдіріп, қолын жауыр етіп еңбек майданына кірісіп кеткен. Одан кейін мақта шаруасы, ал одан соң қауын қарбыздың кезегі келеді. Осылайша жаз бойы тыным таппайтын шаруа өз тәжірибесін өзгелермен де бөлісуге асық. Ербол Ералиев, «Аботя» шаруа қожалығының төрағасы: «Кооперацияға бірігу — шаруалардың көп нәрсеге қол жеткізуі, қолы ұзаруы. Мемлекеттен берілетін жәрдемді орнымен дұрыс пайдалана білуі қажет. Субсидияны дұрыс ойламайды. Ол тойға жарататын ақша емес. Ол қаржы ауыл шаруашылығын одан әрі ұдайы дамыту үшін берілетін жәрдем қаржы. Сондықтан да кооперативті дұрыс құру қажет. Сонда көп те риза, тірлік те түзу болмақ». Сондай-ақ аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Нұр-Кетебай» өндірістік кооперативінің 1125 гектар жерден өнім алып шаруасын шалқытып отыр. Тек қана мақта өсірумен ғана шектеліп қалмай,  ауылшаруашылығы зиянкестеріне қарсы күресетін биолабораториясы, тұқымдық мақта шитін тазалайтын, іріктейтін, дәрілейтін тұқым цехы бар. Әрдайым жаңа технологиялардан да қалыс қалмай өнім өндіруде жаңа әдістерді де енгізуде. Сәду Бекенов, «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы: «Ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды, жаңалықтарды ендіруден қалыс қалмақ емеспіз. Бүгінде Түркиядан мақтаның тұқымын әкеліп, егіп, мол өнім беретініне көз жеткізіп отырмыз. Былтыр 100 гектар жерге егіп, гектарынан 35-40 центнерден өнім алдық. Бірақ бағасы қымбаттау. Дегенмен алдағы уақытта толықтай түркиялық тұқымдыққа өтуіміз де мүмкін».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444