Отырардағы оңды істер
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізде 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесі 50 процентке жетуі керек деп межелеген болатын. Осы міндетке сай Отырар ауданында шағын және орта бизнес ойдағыдай қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлерге аудан әкімдігі тарапынан да кең қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта Талапты ауыл округіне қарасты шаруаларын дөңгелетіп отырған бірнеше нысандар бар. Солардың бірі — «Сәлімбай» шаруа қожалығы. Бүгінгі таңда талапқа сай салынып жатқан мал бордақылайтын алаң жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Аталған жайдың сыйымдылығы 50 бас малды күтіп-баптауға арналған. Айтарлығы, қожалықтың төрағасы Серік Дәуренбековтің әкесі тоқсанның төріндегі Ұлы Отан соғысының ардагері — Сейдахан ақсақал. Шаруа жайын тиімді жүргізіп, істің оңға дөңгелеуіне ардагер қарияның ақылы мен тәжірибесі зор ықпал етуде. Әлі де тың, шаруаға бейім ақсақал ірі қаралардың жем-шөбінің құнарлылығы мен уақтылы тамақтандыру, күтімін қадағалау сынды тынымсыз тірліктерін де өзі қадағалаудан жалықпайды. Біз жолыққанда Елбасының бүгінгі саясатына, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп жатқанына дән ризалығын білдірді. Сондай-ақ, аудандағы «Бек» шаруа қожалығы жылыжай өндірісін қолға алып, халықты көкөніспен қамтамасыз етуде. Бұл шаруашылық негізінен қияр және қызанақ өсірумен айналысады. Алдағы уақытта өз өндірісін ұлғайтпақ ниетте. «Нұрдаулет -2004» ЖШС-нің басшысы маяқұмдық кәсіпкер Бақтыбай Байымбетов те қыс маусымында аудан тұрғындарының дастарханына қияр, қызанақ жеткізіп халықтың алғысын иеленіп келеді. «Тер төкпей, еңбектің жемісін жеу мүмкін емес. Әр өнімнің өзіне сай еңбегі жетіп артылады. Қазір қияр мен қызанақ өсірудің қыр-сырына әбден төселдік. Егіс аумағын ұлғайту жоспарымызда бар»,-дейді Б.Байымбетов.
М.Сабыр