«Бастау бизнес» шаруа еңбегін еселеуде
Өнімді өндірмей тұрып, сатуды, несиені алмай тұрып, төлеуді ойластыру керек. Сонда ғана басталған істе береке болады. Сонымен қатар, кәсіп ашамын деген азамат міндетті түрде нарықты зерттеп, арнайы курстан өткені абзал. Бұл — елімізде өткен жылы қолға алынған «Бастау Бизнес» жобасының негізгі тұжырымдамасы. Айтып өтейік, аталмыш жоба аясында былтыр еліміз бойынша 15 мың азамат білімін жетілдірсе, биыл 30 мыңдай жан бір айлық курстан өтеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында былтыр қолға алынған жоба бір жылда тиімділігін дәлелдепті. Соның нәтижесі болар, биыл елімізде аталмыш жобаға тартылғандар саны екі есеге артқан. Тек Төлеби ауданының өзінде осы жылы 360-қа жуық тұрғын «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастауға ниетті, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Бүгінде солардың 70-і арнайы курстан өтуде. Жеңісбек Кенжебаев – бизнес-тренер «Кез-келген бизнесті бастамас бұрын біз ең бірінші өнімімізді қайда сатамыз? Қалай сатамыз? Қандай бағамен сабақ барысында осының барлығына мысалдар келтіріліп, есептер шығарылады». Сағындық Исабаев бұрыннан мал бордақылаумен айналысады. Сол кәсібін ары қарай дамыту үшін осы курсқа келіп, қатысуда. Бірақ осында келгелі оның ойы өзгерді. Мамандардан алған кеңестен кейін… ол Қамбар ата төлін союмен емес, оның санын көбейтуге күш салуды ұйғарды. Сағындық Исабаев – «Бастау Бизнес» жобасына қатысушы «Мына бағдарламаны естігеннен кейін, пайызы арзан болғаннан кейін мен бағытты ауыстырып, жылқының басын көбейтуге бет бұрдым. Ертең кредит алсам, мен жұмысшы алам оны сауынды қыламын». Былтыр бұл бағдарлама бойынша Төлеби ауданында 180 азамат бір айлық курстан өткен. Жыл соңына дейін солардың 30 пайыздан астамы, яғни, 55-і төмен пайызбен несие алып, кәсіп ашқан. Соның бірі — Мәрия Әбдиева. Сауынды сиыр басын көбейтуді көздеп, 4 млн. 200 мың теңге қаржы алған тұрғынның қазір қорасында 30-дан аса ірі қара малы бар. 4 бірдей азамат жұмыспен қамтып отыр. Мәрия Әбдиева – кәсіпкер: «Отбасымызбен осындай жұмыс жасап жатырмыз. Кредитті қалай жауып жатырсыздар? Кредитті сүтін, қаймағын өткіземіз. Мал өзі қалып жатыр». Биыл білімін жетілдіріп жатқандардың дені мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Егер соның барлығы ойлаған мақсаттарын сәтті жүзеге асырса, ауданда ауыл шаруашылығы саласы өркендейді.
М. Жарылқасын