Қарнақта ауыл шаруашылығы жақсы дамыған

Түркістан облысындағы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Еңбекқор ауылдағы ағайын жылыжай, егіншілік, мал шаруашылығымен айналысады, деп хабарлайды «Отырар.кз». Юлдашевтар отбасы 20 соттық жердегі жылыжайда көкөніс егеді. Бастапқыда қызанақ ексе, бүгінде қияр, көкшөпке де орын тапқан. Келешекте жылыжайдың аумағын кеңейтпек. Оғлай Юлдашева, Қарнақ ауылының шаруасы: «Үкімет тарапынан қолдау бар. 3 млн. несие алғанбыз, жұмысымызды жолға қойдық. Нәтиже жаман емес, балаларым, келіндерім тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдерімізді Кентауға апарып сатамыз, артылса, Түркістанға да апарамыз. 20 мың тоннаға жуық өнім аламыз, қаржыны қажеттілігімізге жұмсаймыз». Бұдан бөлек Қарнақ ауылындағы шаруалар мал бордақылаумен айналысады. Айта кететін жәйт, мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарламаның шапағатын ауылдағы тұрғындар кеңінен пайдаланып келеді. Кооперативке біріккен шаруалардың жұмысы қарқын алған. Сүт бекеті де жұмыс істеп тұр. Тәлат Мадмусаев, Қарнақ ауылының әкімі: «Біздің тұрғындар қол қусырып отырмайды. Жері барлар бау, бақша өнімдерін егіп күн көреді. Бізде мал шаруашылығынан бөлек құс шаруашылығы да дамып келеді. Жемістеріміз де пісіп қалды. Өрік, шиені тұрғындар Кентауға, Түркістанға барып сатады». Қарнақ ауылы жасыл желекке оранған. Байқағанымыз ағаштардың басым бөлігі жеміс ағаштары. Шие, шабдалы, өрік, алмадан шырын, тосап даярлаған әйелдер қауымы қыс бойы балаларын пайдалы экологиялық өніммен қамтитыны бар. Ынтымағы жарасқан қарнақтықтарға біз сәттілік тіледік. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласы оңай сала емес. Ауа райы қарасса, олар аянып қалмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444