«Сарыағаш жер сыйының» тамаша сыйы
Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында тамаша тәлімбақ бар. Бау-бақшаның бабын тапқан Танабай Шынтасов аймағына ардақты болып отыр. «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің басшыс элиталық көкөніс, жеміс-жидектер мен жүзім көшеттерін өңдеп, көш басында келеді, деп хабаралайды «Оңтүстік» арнасы. 2002 жылы құрылған серіктестіктің 15 жылда атқарған жұмысының айғағы — жайқалған жасыл желегі. Бар іс 2002 жылы «Красный восток» колхозында бос жатқан жерді игеруден басталды. Танабай Шынтасов елімізде алғаш болып, жеке тәлімбақ салып шықты. 35 гектар ойпатты, сай-салалы жер мықты маманның еңбегімен құнарлы атырапқа айналды. Жүзім егіп, оның ең жоғары сұрыпын таңдауға Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары көмектесті. «Еңбек – түбі зейнет» деген осы болар… Қазір «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-гі тәлімбағынан жылына 200 мыңнан аса көшет сатылады. Серіктестіктің жылыжайында қызынақ пен қиярды айтпағанда, тропикалық лимон, банан ағаштары жайқалып тұр. Табысты шаруашылықтың тағы бір жетістігі — жаңғақтың он бес сортын егіп, оңтүстіктің топырағына жерсіндірген. Барын бағалай білген бағбанның тындырымды тірлігі — көпке үлгі. Айта кетейік, ауа райы қолайлы, жері шұрайлы Сарыағаш ауданында 1968 гектар жерге жеміс ағаштары егілген. Оның 352 гектарына тамшылатып суғару әдісі қолданылған.
Г. Ахметқызы