Құрылысшылар мерекесіне арналған көрме өтті
Тамыздың екінші жексенбісі — елімізде құрылысшылар күні. Биыл бұл мерекені Түркістан облысында 10 мыңға жуық маман атап өтуде. Бүгін солардың бір парасы марапат алып, марқайды, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Тағы бір легі Түркістан қаласында өткен арнайы көрмеде өздері өндірген құрылыс материалдарын көпшілік назарына ұсынды. Құрылысшылар күніне орайластырылған көрмеге 80-нен астам тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Барлығы да — күнделікті тұрмыста сұранысқа ие өнімдер. Жаппар Бесқұдық 7 жылдан бері құрылыс заттарын өндірумен айналысады. Бүгінгі мерекеде өздері өндірген өнімнің 10-ға тарта түрін ұсынып отыр. Қазір облысымызда құрылыс жұмыстарымен айналысатын 60-қа жуық компания бар. Олар 200-ден астам нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізіп, мыңдаған шақырым жолды жөндеуде. 2018 жылы облыс аумағында 559 нысанның құрылысы бойынша инвестициялық жобалар қолға алынған. Жыл соңына дейін сала мамандары 261 нысанды ел игілігіне тапсырамыз,-деп отыр. Ел экономикасын дамытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Құрылыс, ол – жаңа үйлер, көз сүйсіндірер ғимараттар, өнеркәсіп және әлеуметтік нысандар. Осы орайда, 2018 жылы облыс аумағында 172 инвестициялық жоба қолға алынған болса, соның 71-ін жыл соңына дейін бітіру межеленген. Қазірдің өзінде білім саласы бойынша 5 нысан, 4 тұрғынүй мен 2 мәдени ошақ пайдалануға берілді. Қалған 101 нысан 2019 жылға өтпелі.
П.Биназарқызы