Кәсіптің өзі – нәсіптің көзі
Кәсіп ашып, іс бастаймын деген жанға біздің елде мүмкіндік көп. Ол үшін нақты жоспар жасап, тірлікке батыл кірісе білсеңіз, жұмысыңыз нәтижелі болары анық. Мамандығыңыз сәйкес келмесе, арнаулы курстардың есігі ашық. Ал, кәсіби маман болсаңыз, шаруаңызды үйде отырып-ақ дөңгелете беруге болады. Бұған Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданынындағы іскер келіншек Гүлмира Омарова көз жеткізгендей. Ақбастау ауылының тұрғыны Гүлмира Омарованың негізгі мамандығы — тігінші. Кезінде үлкен өндіріс орнында дестелеп те, кестелеп те киімдер тіккен. Дәурені өткен ол шақты қазір армандаудың да жөні жоқ. Тек іске кірісу керек. Міне, осы мақсатты көздеген Гүлмира өз жанұясындағы отағасынан бастап, төрт бірдей ұлын тігіншілікке баулып, бүгінде өз үйінде кәсіп ашып отыр. Тапсырыстар да жоқ емес. Өнімдері сұранысқа ие, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Гүлмира Омарова- тігінші «Тепсе темір үзетіндей тұлғалы ұлдарының зырылдата іс тігіп отырғаны қызық көрінгенімен, кәсіп игеруде оның еш сөкеттігі жоқ екенін де айта кеткен жөн. Соның арқасында ұлдары ерлерге арналған киім үлгілерін тігудің нағыз шебері атанған». «Тігін цехы да өз үйлерінде орналасқан. Бөлмелер жұмыс атқаруға аса қолайлы болмаса да тірліктерінде тежеу жоқ. Кәсіп иелері әзірге алыстан болмаса да, аудан төңірегінен түрлі тапсырыстар алып, тұрғындар қажетін өтеуде. Бірқатар өнімдері облыстық деңгейде өткен көрмелерде бәйге де алып үлгеріпті. «Мұның бәріне біз мемлекет қолдауының арқасында өзіміздің қажырлы еңбегімізбен жетіп отырмыз», — дейді Гүлмира Омарова. Олардың ендігі мақсаты — жұмыстарын арттырып, қанаттарын кеңге жаю. Осылайша аз да болса экономиканың көтерілуіне үлес қосып отыр.
М. Атабек