Мақсары майына сұраныс мол
Түркістан облысы былтыр 64 мың гектар алқапқа мақсары дақылы өсірілсе, биыл ол 96 мың гектарға көбейіп отыр. Облыс бойынша былтыр 55 320 тонна қамбаға құйылды. Оның 2 500 тоннадайы тұқымдыққа сақталынады. 49 900 тоннасы өңдеуге жіберіледі. Одан 15 200 тонна мақсары майы алынады. Облыста май шығаратын шағын кәсіпорындар барлық аудандарда ашылған. Оның ішіндегі ең ірілері «Шымкентмай» АҚ, «Қайнар» ЖШС, Сайрам ауданындағы «Арай» және «КАРМУ» ЖШС-тері, Төлеби ауданындағы «Ленгір май», «Бақдәулет» және Мақтаарал ауданындағы «Ақ май» май өңдейтін кәсіпорындар. Олардың кейбірі өздерінің жеке алқаптарына мақсары егіп, жинап алады. Бірақ бәрі де өз өнімдерін өздері өсіреді деуге келмейді. Мәселен, «Қайнар» ЖШС-і бір тәулікте 400 тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Кішігірім зауыт 8 500 гектар жерге мақсары дақылын егіп, жылда ысырап етпей жинап алады. Алайда бұл өнім жыл бойына жетпейді. Ары асса айналдырған бір-екі аптаға ғана жетеді. Сондықтан алдағы уақытта егістік алқаптарын көбейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, шарулардан майлы дақылдарды қабылдап алады. Бұл зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін өнім өңдеуге қабілетті. Төле би ауданының шаруалары да мақсарыны майға айналдыруды үйреніп алғалы шеке майлары шылқып отыр. 5-6 адамды жұмыспен қамтып, ауыл аймақты маймен қамтып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ұзынарық ауылындағы шаруа қожалығының иесі Пернебек Мұхтарұлының мақсары егумен айналысқанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Өнім өндіріп, оны сатқан пайдасына техника сатып алып, көпке үлгі көрсетуде. Алдағы уақытта мақсары егістігін ұлғайтып, өнім өндіруді арттырмақ.