Бабын тапсаң байлық –жерде
Түркістан облысындағы Төле би ауданы таулы аймаққа жатады. Мұнда мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да жақсы дамыған. Жайылымнан да, ағын судан да мәселе жоқ. Таудан құлай ағатын ағын су мол болғандықтан егіні бітік шығады. Жайылым жер көп болғандықтан малы да қоңды. Ағымдағы жылы “Болашақ нұры” ЖШС сүт өнімдерін өңдеу цехы іске қосылады. Тартылатын инвестиция көлемі 52 миллион теңгені құрайтын цех жылына 250 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін болады. Сондай-ақ, биыл ауданда жалпы құны 3 776 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асады. Олардың қатарында “Ақсу қуат” ЖШС баламалы электроқуатын өндіру станциясы бар. Жеке қаржы есебінен тартылатын инвестиция көлемі 1 500 млн. теңге. Бабын тапсаң байлық – жерде. Төлеби ауданының аграрлық секторы заман талабына сай шаруаларға жаңа технологияларды ендіру, өнімнің сапасын арттыру, бәсекелестікке жауап беру сынды ұтымды идеяларға бет түзеп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бұған төлебилік шаруалардың берекелі еңбегі дәлел. Соңғы 5 жылда аудан диқандары астық және майлы дақыл өндіру бағытында облыста жүлделі 1 және 2-орыннан көрініп келеді. Аудан бойынша 20 ауыл шаруашылығы кооперативі әділет басқармасында тіркелді. Аталмыш құрылымдар мал сою, сүт қабылдау және мал бордақылау, қарқынды бау өсіру, шаруашылықтарға техникалық қызмет көрсету сияқты бағыттарында жұмыс атқаруда. Азық-түлік брендін қалыптастыру бойынша ауданымыздағы 2 кәсіпорын – «Ақмаржан ЛТД» ЖШС мен «Аққұм астық» ЖШС-і Өзбекстан және Ауғанстан мемлекеттеріне ұн өнімдерін эскпортқа шығаруда.