«AMANAT»: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БАҒЫТТАҒЫ ЖҰМЫСТАРҒА САРАПТАМА ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бүгін Келес ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау Комиссиясының бірлескен отырысы өтті.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға Республикалық Партиялық бақылау департаментінің инспекторлары В.Есілбаева, Ж.Дәуреханов, өңірлік Қоғамдық кеңес төрағалары Н.Абишов, У.Рахиев, Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы А.Сексенбаев, аудандық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Партияның Орталық аппараты жанындағы аталмыш кеңестің жұмысшы топ өкілдері жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша Министрліктер және облыс әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебін тыңдайтын болады. Бүгінде өңірімізде алдын ала сараптама жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес Келес ауданы әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары күн тәртібінде қаралып, А.Сексенбаевтың есебі тыңдалды.
— Келес ауданының қызметшілері тарапынан 2019-2021 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар орын алып, олар соттың үкімімен кінәлі деп танылған. Атқаратын лауазымдарынан теріс себептермен босатылып, тікелей басшыларына заңнама талаптарына сәйкес тәртіптік жаза қолданылды. Жемқорлықтың алдын алу бойынша бекітілген 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 9 ауылдық округ әкімінің бөлмелері «Опен спейс» бағдарламасы аясында 1-ші қабатқа түсірілді.Одан бөлек жоспарға сәйкес қысқа бейнероликтер мен мақалалар жариялау, семинар-кеңестер өткізу, билбордтар орнату, жадынамалар тарату жұмыстары жалғасатын болады, — деді ол.
Сондай-ақ аудандағы газдандыру, ауыз су және элекр қуатымен қамту, автомобиль жолдарының жағдайы, құрылыс саласына қатысты хабарлама да жасады. Облыстық партия филиалының Партиялық бақылау жөніндегі инспекторы А.Еркінбеков 2019-2021 жылдары Келес ауданында орын алған заңбұзушылықтар жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша 19 заңбұзушылық әрекеттің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу нәтижелері және пара алу фактілеріне байланысты орын алған.
Жиын соңында Б.Тәжібаев жемқорлықпен күрес баршаға ортақ міндет екенін атап, бірқатар тапсырма жүктеді. Комиссия мүшелерінің ұсыныстары назарға алынып, қаулы қабылданды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444