КЕЗЕКТІ ТҮСІНДІРУ ШАРАЛАРЫ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ
Бүгін Департаменттің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы Бәйдібек аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында түсіндіру шараларын жүргізді.
Көлеңкелі қылмысқа жол бермеуді көздейтін шарада Г.Төлегенқызы парақорлық — ел әлеуетінің дамуына кері әсер ететін қауіпті індет екенін жеткізіп, мемлекеттік қызметшілерді бармақ басты әрекеттерден алшақ болуға және кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеуге шақырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жолдауы мен заңнамалық жаңалықтарды жан-жақты талқылап, сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасқан жағдайда 1424 сенім телефонына қоңырау шалу қажеттігін ескертті.
Шара соңында заңбұзушылықтар аясында әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді.